Қарағанды облысында жер қойнауын астыртын қазып, өзара талан-таражға салғандар құрықталды. Балқаш маңындағы Саяқ ауылында екі фирманың басшысы ешқандай рұқсатсыз темір мен марганец кенін заңсыз өндіріп келген. Олар ауыр техникалар мен жұмысшыларды жалдап, қазып алған кенді арнайы қондырғымен ұсақтап, пойызға тиеп, сатып отырған. Табиғатқа залал келтірген. Енді бүлінген жерді қалпына келтіру үшін жарты миллиард теңгеге жуық қаржы керек. Қазір күдіктінің техникалары мен мүлкі бұғатталып, олардың іс-әрекетіне байланысты тергеу жүріп жатыр.
ЕРНАР ТАЙЖАН – ҚР ҚМА РЕСМИ ӨКІЛІ
Тексеру барысында жердің үстіңгі қабаты ауқымды көлемде аршылып, кен қазылған үш карьер анықталды.Қазып алынған топырақтың жалпы көлемі 338 мың текше метрге жеткен.Мамандардың есебінше, бүлінген жерді қалпына келтіріп, карьерлерді қайта өңдеуге жарамды күйге келтіру үшін 485 млн теңге қажет.Соттың рұқсатымен екі арнайы техникаға, бір автокөлікке және коммерциялық үй-жайға тыйым салынды. Күдіктіге кепіл түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды. Тергеу жалғасып жатыр.