"Ақтөбе"-"Ордабасы" матчі кезінде даулы плакат ұстап, жұрттың ашуын туғызған қыздар анықталды. Полиция қызметкерлері олардың ата-аналарымен бірге профилактикалық әңгіме жүргізген. Тіпті олар балаларын тәрбиелеу жөніндегі міндетін дұрыс орындамағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке де тартылған. Ал «Ақтөбе» футбол клубы дауға қалған жанкүйерлерге салынған айыппұлды өз мойнына алатынын мәлімдеді. Қазақстан чемпионатының ойыны сенбі күні, 17 қазанда Ақтөбеде өтіп, 1:3 есебімен шымкенттік спортшылардың жеңісімен аяқталған болатын. Әлеуметтік желілерде матч кезінде трибунада арандатушылық мазмұндағы плакат ұстаған қыздар болғаны айтылды. Балағат ұрандар жазылған плакатқа Өзбекстан туы салынған, бұл тек Шымкентте ғана емес, көрші елде де наразылық тудырды.