Қазақстанда ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірумен қатар, оны қайта өңдеу және экспорттау көлемі артып келеді. Соңғы жеті жылда өсімдік шаруашылығы өнімі 2,8 триллионнан 5,9 триллион теңгеге дейін ұлғайса, мал шаруашылығы тауарлары жеті есеге өскен. Әсіресе шикізатты терең өңдеу ісі қарқын алды. Ел ішінде азық-түлік пен сусын өндірісі екі жарым есеге жуық молайып, бес триллион теңге межесіне жетті. Бұл дайын өнім түрін көбейтіп, бәсекеге қабілетті жаңа өндірістік тізбектер құруға жол ашты. Нәтижесінде аграрлық сектордың шетелге шығарған экспорты екі есеге ұлғайып, 7 миллиард долларға жетті. Ендігі басымдық - отандық өнім сапасын арттырып, өткізу нарықтарын кеңейту.