Түркістан облысы Отырар ауданының тұрғындары өткелсіз каналдың зардабын тартып отыр. Кесірінен шаруалар егістік алқабына еркін барып қайта алмайтын күйге түсіпті. Өйткені канал қазып бастаған мердігер көпір салмастан, жұмысын жарты жолдан тастап кеткен. Ағын су да егістік алқабына жетпей, шаруалардың төккен тері текке кетейін деп тұр. Мұндағы шарулар нәпақасын тек егістік алқабынан табады. Алайда онысынан да қағылатын түрі бар. Өйткені жұртты ағын сумен жарылқаймын деген мердігер канал қазып, жұмысын соңына дейін жеткізбей тастап кеткен. Тиісінше әрі бері өтетін көпір салынбапты. Тұрғындардың жалғыз өтініші қазылған каналдарды талапқа сай етіп ретке келтірсе дейді. Себебі ауыл шарушалығына арналған көлік өтпек түгілі, жаяу кісінің жүріп-тұруы да қиындаған. Айта кетейік мұндай мәселе Шойманов ауылында ғана емес Отырар ауданына қарасты, Арыс, Қарғалы, Отырар, Талапты, елдімекендеріндегі де жағдай осылай. 47 жыл бойы жөндеу көрмеген ыза су айдатын каналдардың тазаланатына қуанған шаруалардың қуанышы су сепкендей басылыпты. Шаруалардың айтуынша мердігер мекеме 387 шақырымды құрайтын каналды қалыпқа келтіру керек болған. Алайда іс соңына дейін жетпеген соң 12 000 гектарды иемденіп отқан ауыл тұрғындары тығырыққа тірелген. Жауапты мамандар енді бұл мәселе республикалық деңгейде қаралатын болады дейді. Шаруалардың жан айқайын жеткізетін хаттама министрлікке жолданған. Ал ол жақтан жауап келіп, мәселе шешілемін дегенше тұрғындардың өз қарекетін өздері жасауына тура келетін сыңайлы.