Бүгін Ақордада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев құтқарушыларды кәсіби мерекесімен құттықтап, ел қауіпсіздігі жолында ерлік көрсеткен мамандарды марапаттады. Күн сайын тәуекелге бел буып, от пен судың ортасында жүру тек рухы мықты, отаншыл азаматтардың ғана қолынан келеді. Мемлекет басшысы қиындыққа мойымайтын кәсіби мамандардың ерен еңбегі әрдайым қоғамның ерекше құрметіне лайық екенін жеткізді. Соңғы үш жылда бұл салаға мемлекет тарапынан ерекше қолдау көрсетілуде. Құтқарушыларға 3 мыңға жуық жаңа техника, ұшақтар мен кемелер беріліп, 60-қа жуық өрт сөндіру депосы салынды. Сонымен қатар, апаттардың алдын алу үшін заманауи цифрлық жүйелер мен жасанды интеллект енгізіліп жатыр.