Шардарада заңсыз карьерлердің жұмысы тоқтамай тұр. Құрығы ұзындардың қызығушылығын тудырған Сырдарияның құмы ой-шұқырға айналған. Тіпті мал жаятын орын да қалмай барады дейді тұрғындары. Кеңестік заманда күрішімен танылған Шардара ауданына қарасты Қоссейіт ауылы тұрғындарының бүгінде ұйқысы қашқан. Ауылдың ер азаматтары 5 шақырым жердегі жайылымды былтырдан бері кезек-кезек күзетіп келеді. Себеп -заңсыз карьер қазушылар. 5 200 тұрғыны бар ауылдың бүгінде 6 796 га суармалы, 370 га жайылымдық жері бар. Заңсыз карьерлер дәл осы жайылымдық жердің 26 гектарында жүріп жатыр. Аталған мәселе бойынша Қоссейіт ауылдық округінің әкімі Еркінбек Айдынбаев құзырлы орган өкілдеріне жайылымдық жерден карьер жасаудың заңдылығын анықтап беруді және ауыл тұрғындарының наразылығының алдын алуды сұрап хат жолдаған екен. Бірақ елдің ашуы мен қарсылығының нәтижесінде уақытша тоқтаған құм қазу жұмысы биыл қайта басталып жатыр дейді ауыл әкімі.т Карьер қазу жұмыстары басталғанға дейін қоянсүйек, тораңғыл сынды ағаштары жайқалып тұратын жайылымнан бүгінде өңі қаша бастаған. Шағалы қазылған жерлерге қайта көк шықпай, ауылдағы ағайын төрт түлігін тойдыра алмай жүр. Болған жағдайларға байланысты әбден ашынған қараша жайылымдарын сақтап қалу үшін «кез-кезген жерге барамыз, барымызды саламыз»- деп отыр.