Бір баланың арманын орындау – оған қуаныш сыйлап қана қоймай, болашаққа деген сенімін арттырады. Осы мақсатты көздеген «Армандар орындалады» әлеуметтік жобасы төрт жылдан бері ерекше күтімді қажет ететін балалардың тілегін орындап келеді. Бастама аясында осы уақытқа дейін Түркістан облысының әр ауданынан хат жолдаған мыңға жуық баланың арманы орындалған. Бүгінгі жиын жобаның 42-ші шарасы. Бұл жолы игі іске облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының, білім басқармасының басшылары, «Фараб» кітапханасының директоры мен бірқатар кәсіпкерлер атсалысты. Әрқайсысы бір баланың тілегін орындап, олардың ерекше күнге куә болуына мүмкіндік берді. Жоба авторының айтуынша, мұндай бастамалар балаларға қуаныш сыйлап қана қоймай, қоғамда мейірімділік пен жанашырлық құндылықтарын нығайтуға ықпал етеді.