Қазақстанда мыңдаған азаматтың дербес деректері ғаламторға тарап кеткен. Құрылтай депутаты Ләззат Жылқыбаеваның айтуынша, Қызылорда облысының Шиелі ауданында 500-ден астам қызметкердің мәліметі мемлекеттік сатып алу порталында жарияланса, Семейдегі мектеп сайттарында 3700-ден аса мұғалім мен 344 кәмелетке толмаған баланың аты-жөні, ЖСН-і мен мекенжайы ашық дереккөздерде тұрған. Сонымен қатар депутат 11 қазанда «Яндекс» сервистерінде болған мәселеге де назар аудару керек деді. Себебі күн сайын миллиондаған қазақстандықтың маршруты, төлем карталары мен байланыс нөмірлері енгізілетін сервистің шетелдегі бір ғана ақаудан кейін істен шыққаны күдік туғызады. Ал бұл деректердің нақты қай елде, қандай құқықтық тәртіпте сақталып, өңделетіні әлі күнге дейін бұлыңғыр. Ләззат Жылқыбаева Бас прокурор мен Цифрлық даму министріне депутаттық сауал жолдап, бірқатар шұғыл шараларды талап етті.
ЛӘЗЗАТ ЖЫЛҚЫБАЕВА ҚР ҚҰРЫЛТАЙЫНЫҢ ДЕПУТАТЫ
Ең алдымен, 11 қазандағы «Яндекс» жағдайға байланысты дербес деректердің берілу-берілмеуін және мұндай фактілер анықталған жағдайда олардың заңдылығын тексеру қажет; Екіншіден, мемлекеттік органдардың, білім беру және денсаулық сақтау ұйымдарының, сондай-ақ оларға қызмет көрсететін компаниялардың жеке мәліметтерді жинау, өңдеу және сақтаудың дұрыстығын, оларды өзгелерге берудің заңдылығын және жою талаптарының сақталуын тексеру қажет.