Құрылтай депутаттары алдағы үш жылға арналған республикалық бюджет жобасын бірінші оқылымда мақұлдады. Оған сәйкес, алдағы жылдары еліміздің экономикасы орта есеппен 5 пайыздан аса өсім көрсетуі тиіс. Ал инфляция деңгейі кезең соңына қарай біртіндеп 6 пайызға дейін төмендейді деген болжам бар. Басты мақсат — мемлекеттің меншікті кірісін арттырып, Ұлттық қордың қаржысына қол сұғуды азайту. Жоспар бойынша болашақта қордан алынатын кепілдендірілген қаржы көлемі 2 триллион теңгеге дейін қысқармақ. Келер жылы республикалық бюджеттің шығысы 30 триллион теңгеден асады. Бұл қаржының үштен бір бөлігінен астамы халықтың әл-ауқатын жақсартуға — яғни медицина, білім беру және ғылым салаларын дамытуға бағытталады. Мемлекет барлық әлеуметтік төлемдер мен жәрдемақылардың толық әрі уақытылы төленуін қамтамасыз етпек.