«2022-11-14» бойынша іздеу нәтижесі

Қазығұрт ауданының әкімі тоғыз айды қорытындылады

Қазығұрт ауданында 7 мектептің құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Бұл туралы Қазығұрт ауданының әкімі Арман Абдуллаев Түркістанда өткен брифингте мәлімдеді. Сондай-ақ 2022 жылы балалар жылына орай аудан орталығында 3 балалар алаңшасы салынуда. Сонымен қатар аудандық кәсіпкерлер тарапынан оңалту орталығы ашылған. 

Шарада аудан әкімі 9 айда атқарылған жұмыстарының есебі бойынша  әр салаға толығырақ тоқталды. Алдымен өнеркәсіп саласы бойынша биылғы 9 айда 9 млрд 964/9 млн теңгенің өнімі өндірілсе, нақты көлем индексі 105 пайызды құрауда. Жылдың қорытындысымен өнеркәсіптегі өнім көлемін 13/2 млрд теңгеге жеткізу жоспарлануда.

Естеріңізге сала кетсек, бұған дейін Қазығұрт ауданында 7 бас ірі қара, 31 ұсақ малдан бруцеллез ауруы анықталған болатын.  Қазір онда бірнеше мал уақытша оқшауланып, бұл індет ошағынан малды және ет-сүт өнімдерін шығаруға тыйым салынған. Жиында бүгінде аудан әкімі бруцеллез ауруы бойынша жағдай тұрақталғанын айтты. 

Сондай-ақ аудан әкімі ауыл шаруашылығы, құрылыс, табиғи газ бен денсаулық сақтау саласы бойынша да есеп берді. Сонымен қатар әлеуметтік сала бойынша бүгінде 2484 жаңа жұмыстары ашылып, мүмкіндігі шектеулі 232 азамат жұмысқа орналастырылыпты.

 

Кентау қаласының әкімі есеп берді

Кентау қаласында биыл өнеркәсіп өнімінің көлемі 30,2 млрд. теңгеге жеткен. Бұл туралы Кентау қаласының әкімі Жандос Тасов мәлімдеді. Ол өз сөзінде, осы жылы негізгі капиталға тартылған инвестиция көлемі 22,3 млрд теңгеге жеткен. Яғни жоспар артығымен орындалғанын айтты. Шаһарда 9 айда 21,8 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген. Бүгінде қала мен оған қарасты ауылдардың барлығы 100 пайыз ауызсумен қамтылған. Сондай ақ, толық орталықтандырылған электр желісіне қосылған. Жыл соңына дейін 18 мың абонентті табиғи газға қосу жоспарлануда. 

ЖАНДОС ТАСОВ – КЕНТАУ ҚАЛАСЫНЫҢ ӘКІМІ - Кентау қаласында 25 гектарды құрайтын арнайы экономикалық аймағымыз бар. Бұл жерде жалпы игерілгені қазіргі таңда 3 гектар жерді құрап отыр. Ол жерде 2,7 млрд теңгені құрайтын 219 жұмыс орнын қамтитын 8 жоба орналасқан. Бұл кентау индустриалды аймағы басқа индустриалды аймағына қарағанда бәсекелестікке қолайлы. 

Бүгінде Кентау қаласының көшелерін жарықтандыру мақсатында тиісті жұмыстар атқарылуда. 85 көшеге жарықшам орнатылған. Жыл соңына дейін 200 дана жарық бағанасы қойылмақ. Нәтижесінде, кенді қала көшелерінің 90 пайызы жарықпен қамтылады. Сондай ақ, шаһар басшысы әлеуметтік саланы назардан тыс қалдырмады. Ол өз сөзінде, аталған аймақта мүгедектігі бар азаматтарға арналған әлеуметтік қызмет көрсету орталығы құрылғанын атап өтті. 

ЖАНДОС ТАСОВ – КЕНТАУ ҚАЛАСЫНЫҢ ӘКІМІ - Аз қамтылған 1587 отбасы. Бұл 8345 адам атаулы әлеуметтік көмек алады. Мүгедек балдарға, қарттарға қызмет көрсету мақсатында бізде әлеуметтік қызмет көрсету орталығын ашып отырмыз. Ол толықтай ісе осы жылдың соңына дейін қосады деген жоспарымызда бар. Қалада жалпы жұмысссыздық деңгейі 5 пайызды құрап отыр. 

 

Ақсу өзеніне батып кеткен Үндістандық студенттің жақындары арнамыздан көмек сұрап келді

Ұлымның денесін іздеймін. Бауыр еті баласынан қапыда айрылған Үндістан азаматы арнамыздан көмек сұрап келді. 26 шы маусым күні Ақсу өзеніне шомылуға барып, адуыны қатты ағыстың астында қалған қос бірдей шет елдік студент әлі күнге табылмаған. Бірінің жасы 22 де, екіншісі 24 жаста. Бұған дейін құтқарушылар үздіксіз іздеу жұмыстарын жүргізген. Бірақ, ешқандай нәтиже жоқ. Суға кеткен студенттердің ата-аналары ұлымызды тірідей, тым болмаған да денесін тауып берген жанға сыйақамыз бар дейді.

БУПЕНДЕ ХИМАНЧУ – КУМАР ХИМАНЧУДЫҢ ӘКЕСІ - Кумар біздің жалғыз ұлымыз. Балам суға кеткен күннен бері әйелім де төсек тартып жатып қалды. Бұл отбасымыз үшін ауыр сынақ. Енді тым болмағанда ұлымның денесін отанына алып кетсем деймін. Егер оны көрген білгендер немесе мәйітін тауып алған жандар болса, өтініш бір хабарын беріңіздерші.

 

Шымкентте жаңадан берілген үйге әлі жылу берілмеген

Суық үйде бүрсеңдеп отырмыз. Шымкент қаласының тұрғындары арнамызға осылай деп шағымданды. Тапқан таянғанына баспана алып, төбелері көкке жеткен жұрттың қуанышы су сепкендей басылыпты. Себебі жаңадан берілген тұрғын үйдің сапасыда сын көтермейді екен. 

Бұл мегаполистегі сити тұрғын үй кешені. Бұл пәтерлердің пайдалануға берілгеніне шамамен бір жылға жуық уақыт болыпты. Алайда қазіргі сыйқы мынадай. Ауладағы асфальтталған жол толассыз жауған жаңбырдан кейін жарамсыз күйге түскен. Тұрғындар мұнда балаларымызды ойнауға жіберуге қорқамыз дейді. 

Көпқабатты пәтердің сыртқы ауласын былай қойғанда тұрғындар жылуға да жарымай отыр. Жұрт пәтерімізді алғалы әлі жылуды сезінген жоқпыз дейді. Әкімдік уақытша  электр қондырғысын берген, алайда оның жылуы мардымсыз. 

Қақаған қыс жақындағанда жұртт неге әлі жылусыз отырғанын жауапты сала мамандарынан сұрап көрдік. Олар газ құбырынан ақау шыққандығын айтты. Сол мәселені шешілген кезде ғана пәтерлерге жылу беріледі деп сендірді. 

Ал мердігер компанияның басшысы болса көпқабатты пәтерлердегі кемшіліктерді жоюға  уәде етті. Келісім шарт бойынша көпқабатты үйге бес жыл кепілдік берілген. Осы уақыт аралағында олар кез-келген кемшілікті түзеп беруі тиіс. 

Қорыта айтқанда жауапты сала мамандары берген уәделерінде тұрмаса жұрт суық пәтерде тоңып отыруға мәжбүр. Тұрғындардың жанайқайы біздің назарымызда болмақ.

 

Шымкентте Юнус Эмреге ескерткіш қойылды

Шымкентте Түркия елінің құрметті консулдығы ашылды. Сондай-ақ мегаполисте түрік жұртына танымал ақын-жазушы Юнус Эмренің ескерткіші қойылды. Салтанатты шараға қала әкімі Мұрат Әйтенов, Түркия Республикасының сыртқы істер министрі Мевлют Чавошуглу, Түркия Республикасының Шымкент қаласындағы Құрметті Консулдығының Консулы Асанов Латипша қатысты.

Салтанатты жиынға қатысқан шаһар басшысы екі ел Президенттерінің жыл сайынғы кездесулері достық пен мемлекет аралық қатынастардың қаншалықты беріктігін көрсететінін айтты. Сондай-ақ, Мұрат Әйтенов қазақ-түрік достығының дәлелі ретінде үшінші мегаполисте Измир, Ескишехир, Адана қалаларымен достық байланыс орнатқанын атап өтті. Айта кетейік, алдағы уақытта Түркістанда Түркия елінің бас консулдығы ашылады деп жоспарланып отыр. 

МЕВЛЮТ ЧАВОШУГЛУ-ТҮРКИЯ РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ СЫРТҚЫ ІСТЕР МИНИСТРІ - Бүгін Шымкентке Түркия Республикасының консулдығын ашу үшін келдік.Алдағы уақытта Түркістан шаһарындада бас консулдық ашылады. Енді біз барша отандастарымыз, қазақ халқының азаматтарына қызмет көрсететін боламыз. Шымкентке жиі келемін.  Әр келген сайын шаһар ажарлана түсуде. Алдағы уақытта біз бірігіп жасайтын жоба санын арттырамыз деп отырмыз.

Салтанатты шара аясында үшінші мегаполисте Түркі елінің танымал жазушысы Юнус Эмренің ескерткіші де ашылды. Юнус Эмре бізге Қожа Ахмет Яссауидың ілімін жалғастырушы ретінде белгілі. Оның шығармалары сүйіспеншілік пен мейірімділікке негізделген.

Енді жергілікті билік өкілдері Түркия елімен жаңа жобаларды жүзеге асырмақ ниетте.  Жиын соңында шаһар басшысы консулдықтың ашылуы Шымкент қаласы мен Түркия Республикасы арасындағы бауырластықтың нығаюына үлес қосады деп сенім білдірді.

 

Қазақ елі Көпен Әмірбекті ақтық сапарға шығарып салды

Отырарда танымал сықақшы, қарымды жазушы, журналист, қоғам қайраткері Көпен Әмірбекті ел жұрт соңғы сапарға шығарып салды. Халықтың сүйікті ұлымен қоштасу рәсімі кіндік қаны тамған Шәуілдірдегі «Мәдениет сарайында» өтті. 

Ел жұрт қағытпа қалжынның шебері, ақын, жазушы Көпен Әмірбекті бүгін  соңғы сапарға шығарып салды. Қазақ сатирасына өшпес із қалдырған Қазақтың Көпенімен қоштасуға жиналған жұрттың қарасы мол. Марқұмның туыстарына Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы, Сенат және Мәжіліс төрағалары, бірқатар министрлер және облыс, қала әкімдері көңіл айту хаттарын жолдапты. 

Халықаралық Алаш әдеби сыйлығының, Парасат орденінің иегері небәрі 72 жасында дүниеден өтті. Жиылған жұрт марқұмның отбасы мен жақындарына көңіл айтып, естеліктерімен бөлісті. 

Саналы ғұмырын қасиетті сахнаға арнаған әйгілі сықақшыны қалың ел қимастықпен өзі еңбек жолын бастаған киелі сахнадан шығарды. "Қазақ әдебиеті", "Егемен Қазақстан" газеттерінде сатира, фельетон бөлімінің меңгерушісі, "Білім және еңбек", "Ара-Шмель" журналында жауапты хатшы, Республиканың Бас прокуратурасы мен Жоғарғы Сотта баспасөз хатшысы болып ұзақ жылдар абыройлы қызмет істеген біртуар азамат әулетімен журналистикаға жанашыр болатын дейді ҚР Журналистер Одағының  Түркістан облыстық филиалының төрағасы.

Көпен Әмірбек тіпті өмірінің соңғы күндері төсек тартып, ауырып қатты қиналып тұрса да "Ара" журналының әрбір басылымын өзі тексеріп, қадағалап отырған екен.  Қош бол, қазақтың Көпені.

Түркістандық жастар еңбек адамдарына ыстық тамақ таратты

Қала көшелерінде сыпырғы ұстап, қоқыс жинаушылардың дені орта жастан асқан кісілер. Бірақ көпшілігіміз қала тазалығына жауапты жандардың жұмысы қандай ауыр екеніне мән бере бермейміз. Шындығында олар ауа райының қолайсыздығына қарамастан, таңның атысы күннің батысы жұмыс істейді. Бүгін Түркістандық жастар осындай еңбек адамдарына ыстық тамақ таратып, «Жастардан жылулық» акциясын ұйыдастырды.

Бүгін 100-ден астам аула сыпырушыларға ыстық тамақ таратылды. Игі істі облыстық жастар орталығының еріктілері мен қазақстан студенттер альянсының  белсенді жастары қолға алған.  Жалынды жастар бұл шараны нағыз еңбек адамдарының жұмысына алғыс ретінде ұйымдастырыпты. Сонымен қоса осы арқылы тұрғындарды қала тазалығын сақтауға шақырмақ.

АСИНАМ ТҰРҒЫНБЕКОВА – ҚАЗАҚСТАН СТУДЕНТТЕР АЛЬЯНСЫНЫҢ ТҮРКІСТАН ОБЛЫСТЫҚ ТӨРАҒАСЫ - Бүгін біз жастар орталығымен бірлесе отырып бүгінгі таңды осы игі іспен бастауды жөн көрдік. Мақсатымыз еңбек адамының құндылығын арттыру, олардың жұмысының ауырлығын ескеріп, барлық жастарды тазалыққа шақыру.осы суық күнде оларға жылулық сыйлап ыстық асымыз бен шәйімізді ұсынғалы отырмыз.

Бақыткүл Сәдуақасқызы 50 еңсерген ана. 4 жылдан бері қаланың тазалығымен айналысады. Қанша шаршасақта, бала-шағамыздың несібесі осы еңбекпен келіп жатыр,- дейді тазалық жанашыры.

БАҚЫТКҮЛ СӘДУАҚАСҚЫЗЫ  - «ТҮРКІСТАН ЖАРЫҚ-ТАЗАЛЫҚ» ЖШС-НІҢ ЖҰМЫСШЫСЫ - Енді оңай емес жұмыс. Таңғы 7-ден кешкі 7-ге дейін. Қазір таңғы салқын бар. бірақ енді осы жұмыспен ақша тауып отырмыз ғой. Осы шараны ұйымдастырып жатқан жастарға рақмет айтам. Қала тұрғындарын тазалық сақтауға шақырамын. Қала бәрімізге ортақ қой. Рақмет.

Енді мейірімді жастар бұл акцияны жыл сайын өткізуді жоспарлауда. Тіпті, алдағы уақытта қала кәсіпкерлері де игі шараға қолдау көрсетуге дайынбыз деп отыр.

 

Қазығұртта тұрғындар көтерген мәселелер шешімін тауып келеді

Қазығұрт ауданында өнеркәсіп өнім өндірісінің көлемі биыл 9 айда 9 964,9 млн теңгені құрап, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 609,4 (105,0%) млн теңгеге артық орындалып отыр. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Қазығұрт ауданының әкімі А.Абдуллаев мәлімдеді.

– Қазығұрт ауданында өңдеу өнеркәсібі өнімінің көлемі 8 478,1 млн теңгені құрап, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 1005,6 млн теңгеге артық орындалды. Ал негізгі капиталға тартылған инвестиция 18 974,1 млн теңге болды. Сондай-ақ, бөлшек сауда айналымының көлемі 6 566,7 млн теңгені құрап отыр, - деді Арман Айдарұлы.

Спикердің сөзінше, шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны 11 416 бірлікті құраған. Сондай-ақ, биылға жоспарланған 49 шағын жобаның 43-і іске қосылған. Ал ауыл шаруашылығының жалпы өнімі 49 385,8 млн теңгеге орындалған.

Сонымен қатар, құрылыс жұмыстары қызметтерінің жалпы көлемі 5 447,8 млн теңге болды. Биыл 21 428 шаршы метр тұрғын үй ауданы пайдалануға берілді. Жыл қорытындысымен бұл көрсеткішті 28 000 шаршы метрге жеткізу жоспарлануда. Тұрғын үй кезегі мәселесін шешу мақсатында Қазығұрт елдімекенінен 2 қабатты 10 пәтерлі 2 тұрғын үйдің құрылыс жұмыстары жүргізілуде.

Одан өзге, аудандағы 61 елдімекеннің 56-ы (96,5%) орталықтандырылған ауыз сумен және 49-ы (80,3%) табиғи газ жүйесімен қамтылса, 98,4%-ы орталықтандырылған электр желісіне қосылды. Ал 3 елдімекен тұрғындары бұлақ көзісуын пайдаланады. Жалпы ауданда 61 елдімекеннің 49-ы табиғи газ жүйесімен қамтылып, 80,3 пайызды көрсетіп отыр. 

Сонымен қатар өзекті мәселелердің бірі болып отырған «Ақбура» бұлақ көзіне қосымша ауыз су қоймасын салу құрылыс жұмыстары биыл басталған. Оның құрылысы 2023 жылы аяқталып, пайдалануға берілмек. Жоба іске асқанда Қазығұрт ауданынан 7 елдімекен, Төлеби ауданынан 3 елдімекен 24 сағат ауызсумен қамтамасыз етілмек. Сондай-ақ 2021 жылы Ызабұлақ, Шанақ бекеті елдімекендерінде ауызсу жүйелерінің құрылыс-монтаждау жұмыстары басталып, қазіргі таңда жұмыстар аяқталып, елдімекенге ауыз су берілді. Жалпы ауданда тұрғындар көтерген мәселелер оң шешімін тауып келеді. 

Айта кетейік, биыл 102,9 шақырымды құрайтын 27 аудандық маңызы бар және ішкі жолдарға орта жөндеу жұмыстары жүргізілуде. «Алматы – Ташкент – Термез» тас жолынан 2021-2022 жылы Қазығұрт, Сарапхана елдімекендерінен 3 жерүсті жаяу жүргіншілер өткелі салынып, пайдалануға берілді. Ал оқушылар қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында демеуші есебінен Кезеңбұлақ мектебіне баратын жаяу жүргіншілер өткелі салынды.

 

Сарыағаш ауданында ауыл шаруашылығы саласында өсім бар

Сарыағаш ауданының әкімі Мұхит Отаршиев 9 айдың қорытындысы бойынша БАҚ өкілдеріне брифинг берді.

Мұхит Баймұханбетұлының мәлімдеуінше, аудан бюджетінің өзіндік кірістері 2022 жылы 4,8 млрд теңге көлемінде жоспарланған. Есепті мерзімнің жоспары 3,6 млрд теңге болған. Яғни нақты түскені 4,1 млрд теңгені құрап, 112,5% орындалған. Ал бюджеттің шығыс бөлігі 36,3 млрд теңгеге жоспарланып, есепті мерзімнің жоспары 24,5 млрд теңге болған. Яғни 99,8%-ға игерілген.

– Ауданда өндірілген аумақтық жалпы өнім көлемі 2022 жылғы 9 айдың көрсеткіші бойынша 187 млрд теңгені құрады. Ауыл шаруашылығында 104,5 млрд теңгенің өнімі өндірілді. Ал негізгі капиталға бағытталған инвестиция көлемі 15,7 млрд теңгеге жетті. Сондай-ақ, өнеркәсіп өнімі 22,8 млрд теңгені құраса, сауда бойынша көрсеткіш 44 млрд теңге болды. Ал егіс көлемі 67,8 мың гектарға орналастырылып, жоспар 100 пайызға орындалды. Аталған жер учаскелерінен жалпы 658,1 мың тонна өнім жиналды. Биыл жаңадан 35,3 гектарға жылыжайлар салынды. Осы ретте 98,7 мың тонна өнім жиналып, саудалануда, - деді Мұхит Баймұханбетұлы.

Спикердің сөзінше, «Бір алқаптан жылына 2-3 өнім алу» жобасы биыл өңірдегі 8437,2 гектарда жүзеге асырылып, оның Сарыағашқа тиесілі 1601,2 гектарынан жалпы 92 мың тонна өнім жиналған. Сондай-ақ, 465,4 гектарға тамшылатып суару технологиясы іске асырылған.

Сонымен қатар, мал шаруашылығы саласында да оң өсім бар. Биылғы 9 айдағы көрсеткіш бойынша мал мен құс саны 1 100 164 басты құрады. Яғни 12079,3 тонна ет (тірі салмақта), 47468,8 тонна сүт және 88,1 млн дана жұмыртқа өндірілді. 

Бүгінде ауданда жұмыс істеп тұрған шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны 18 мың бірлікті (115,8%-ды) құрады. Осы кәсіпкерлік нысандары арқылы 43 251 адам жұмыспен қамтылып отыр. Сондай-ақ, «Қарапайым заттар экономикасы» бойынша 400 млн теңгеге 3 жоба мақұлданды.

Айта кетейік, туризмді дамыту мақсатында Сарыағашта биыл 3 нысан іске қосылды. Нәтижесінде, 100 адам жаңа жұмыс орнымен қамтылды.

 

 

Түркістан қаласында күздік маусымда 120 мыңнан астам ағаш егіледі

Түркістан қаласында күннен-күнге көгалдандыру жұмыстары қарқынды жүріп келеді. 2022 жылдың күз мезгілінде көгалдандыру бойынша 120 мыңнан асатын түрлі интродукцияланған, климатқа төзімді ағаш көшеттерін отырғызу жоспарлануда. Оның ішінде мыңнан астамы жеміс ағашы болады. Қазіргі таңда Түркістандағы көгал аумағы 2,5 млн. шаршы метрге жетті. 70 мың шаршы метрге түрлі гүлдер егілген. Ал ағаш 700 мың түпке жеткен. 

Күздік маусымда «Отырар» ықшамауданына – 29 мың, әкімшілік-іскерлік орталық аумағында және жаңа қалада 32 мың, әуежай жолы бойына – 13 мыңнан астам көшет егіледі деп көзделуде. Сонымен қатар Б.Саттарханов даңғылы, «Денсаулық» саябағы, Шекті Тілеу, Баялиев, «Фараб» кітапханасының маңайы мен Кентау тас жолы, Майкотов және айналма жол бойын көгалдандыру қолға алынады. 

Қаланы көгалдандыру бойынша Түркістан облысы Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы тарапынан да қолдау көрсетілуде. Қалада егілген ағаштардың басым бөлігін қысқа қарағаш, айлант, ірі жапырақты қарағаш, үйеңкі, ясень, тұт ағашы, форзиция, аморфа, богрянник, қарағай, айва, сириялық раушан, сирень, боз арша, акация, софора, форзиция, алма, терек және өзге де ағаштар құрайды. 

 

Түркістанда «Мағжан» спетаклінің премьерасы өтті

Түркістан музыкалық драма театрының қоржыны тағы бір тамаша туындымен толықты. 12-13 қараша күндері Түркістан музыкалық драма театры жас драматург Алмас Нүсіптің пьесасына қойылған «Мағжан» спектаклінің премьерасын көрерменге ұсынды. 

«Мағжан» қойылымының идея авторы – Айнұр Көпбассарова, Түркістан музыкалық драма театрының директоры – Әлімхан Мырзахан, туындының қоюшы режиссері – Давиде Ливермор, режиссері – Chiara Ocella. 

Екі күн қатарынан қойылған спектакль талғамы биік көрермен көңілінен шықты. Елімізге танымал Еркебұлан Дайыров, Зарина Кармен, Али Марат сынды театр әртістері жас Мағжанның, өмірге ғашық Мағжанның, елі үшін басын қатерге тіккен Мағжанның және бірнеше мәрте геноцидке ұшыраған қазақ халқының ауыр тағдырын көрерменге жеткізе білді.

Айта кетейік, премьераға арналған билеттердің бәрі сатылып кетті. Бұл – Түркістанның рухани және мәдени орталыққа айналып келе жатқанының белгісі. Түркістандағы игі өзгерістерге даңқты актер Тұңғышбай Жаманқұлов та тоқталып, жас театрдың еңбегін жоғары бағалады. 

 

Түркістандық қыздар баскетболдан ел чемпионы атанды

Түркістан қаласында баскетболдан 2007-2008 жылы туған ұлдар мен қыздар арасында Қазақстан Республикасының чемпионаты өтті. Тартысқа толы турнир апта бойына жалғасын тапты. Баскетбол бәсекесінде түркістандық қыздар мен Алматы облысының ұлдар құрамасының бәсі биік болды.

Ел чемпионатының қорытындысы бойынша қыздар арасында Түркістан облысының талантты баскетболшы қыздары жеңіс шыңын бағындырып, алтын медаль иеленді. Ал, Павлодар облысының командасы күміс жүлдені, Жетісу облысының қыздары қола алқаны қанағат етті. Ұлдар арасында Алматы облысының құрамасы бас жүлдені иеленсе, Атырау облысының баскетболшылары күміс, Ақмола облысынан келген спортшылар қола жүлдегер атанды.

Жеңімпаздар мен жүлдегер командалар арнайы алғыс хаттармен марапатталды. Атап өткен жөн, «Балуан Шолақ» спорт кешенінде өрбіген республикалық жарысты Түркістан қалалық №2 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің ұжымы ұйымдастырған. 

 

Салтанат Тұрсынбекова Қарақат Әбденді сайлау науқанынын бас тартуға шақырды

Бұл туралы пікірін ол Facebook-тегі парақшасында жазды.

Қарақат Әбденге сайлау науқанынан бас тартып, менің штабыма қосылуға шақырамын. Әбден Қарақат Жақсылыққызының бағдарламасын талдап, кездесулерін сараптай келе, кей тұстарда ойымыз тоғысатынын түсінемін. Екеуміз де әйелдің қоғамдағы орнын, оның маңыздылығын айтып жүрміз. Бірақ айта кетейін, Қарақат Жақсылыққызының саяси тәжірибесі аз, сайлаушылармен кездесулерде оның бағдарламасының жөн-жосығын түсіндіріп, мәдени-бұқаралық іс-шаралары үшін түсініктеме беруіме тура келеді, - деді Салтанат Тұрсынбекова. 

Президентіктен үміткер Салтанат Тұрсынбекова қазақ әйеліне, қазақ отбасына не керек екенін жақсы білетінін де жазған.

Қарақатты өз командама шақырамын. Әйелдердің дауысы басым әрі анық шығуы үшін біз бірігуіміз керек.Сайлаушылардың дауысын екіге бөлмей-ақ қояйық. Қарақат Жақсылыққызы, сайлау науқанынан бас тартып, менің командама, штабыма қосылыңыз.  Әйелдер мен отбасының мүддесін алға жылжытуға бірге күш салайық! Оның үстіне, менің қарсыласым ұсынатын бастамалардың көбі менің сайлауалды бағдарламамның бір блогында ғана – «Халықты әлеуметтік қорғауда» қамтылған. Дегенмен, мен сот-құқықтық реформаны, мемлекеттік институттарды демократияландыруды, азаматтық қоғамды дамыту үшін елеулі өзгерістерді де ұсынамын. Сонымен қатар, мен құқық қорғаушымын, көп жылдар бойы әйелдердің құқығын қорғаумен айналысып келемін. Қазақ әйеліне, қазақ отбасына не керек екенін бес саусағымдай білемін.Тағы да қайталап айтамын, Қарақат Жақсылыққызы, менің командама қосылыңыз, бірге жұмыс істеп, ұсыныстарыңызды сайлаушыларға жан-жақты жеткізуге уәде беремін, - деп жазды үміткер.

 

Қант диабетімен ауыратын 400 мыңнан астам науқас тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етіледі

14 қараша Дүниежүзілік қант диабетімен күрес күні ретінде атап өтіледі, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Қант диабеті - бұл бүкіл әлемдегі адамдардың денсаулығына үлкен қауіп, ХХІ ғасырдағы денсаулық сақтау проблемаларының бірі. Әлемде қант диабетімен ауыратын ересектердің саны соңғы 20 жылда үш есе өсті. Жалпы, әлемде қант диабетімен ауыратын 400 миллионнан астам адам бар. 

Қазақстан Республикасында қант диабетімен ауыратын науқастар санының жыл сайын тұрақты өсуі байқалады (қазіргі уақытта жалпы саны 400 мыңнан астам адам, 2030 жылға қарай күтілетін саны – 800 мыңнан астам), бұл пациенттер санының 10 жылда 2,5 есеге ұлғаюының жалпы әлемдік үрдісін растайды (IDF атласы, 2019). 

Соңғы 10 жылда елдегі пациенттердің саны 2 есе өсті. Ағымдағы жылдың 1 шілдесіне қант диабетімен динамикалық бақылауда 439 327 адам, оның ішінде 1 типті ҚД диагнозымен – 26778 адам (21989 ересек және 4789 бала) тұрады. Есепте 2 типті ҚД диагнозымен-412 549 адам (412 206 ересек және 343 бала) тұрады. 

Дүниежүзілік қант диабетімен күрес күні әлемде және республикада қант диабеті, оның салдары және ауруды емдеу мүмкіндіктері туралы қоғамның хабардарлығын арттыруға бағытталған. Адамдар инсулинді алғаш рет 1922 жылы 11 қаңтарда қолданды. 

Осыдан кейін «қант диабеті» диагнозы өлім жазасы сияқты естілмеді. Қазіргі уақытта тегін амбулаториялық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету тізіміне бигуанидтерден бастап соңғы буын инсулиндеріне дейін және олардың ГПП-1 антагонистерімен үйлесуіне дейін 30-ға жуық атау енгізілген.

Сондай-ақ тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде 1 және 2 типті қант диабеті бар барлық пациенттер жеңілдетілген дәрілік препараттармен және медициналық бұйымдармен, оның ішінде инсулиндермен, тест-жолақтармен, инсулин помпаларымен қамтамасыз етілген. 

Қазақстан Республикасында 2011 жылдан бастап 0-18 жастағы балаларға арналған тегін помпалық инсулин терапиясы бағдарламасы сәтті жұмыс істейді. Қазіргі уақытта бағдарламада 1118 бала мемлекеттік қаражат есебінен шығыс материалдары мен гликемияны өзі бақылау құралдарын тұрақты алады. 

Бүгінгі таңда қант диабеті – ҚР-дағы ең қымбат әлеуметтік маңызы бар аурулардың бірі. 2021 жылғы наурыз - 2022 жылғы наурыз аралығында «қант диабеті» диагнозы қойылған диспансерлік пациенттерді амбулаториялық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге жұмсалған шығындар 29,3 млрд теңгені құрады, бұл алдыңғы кезеңмен салыстырғанда 36%-ға жоғары. 

Қант диабетін емдеуге арналған денсаулық сақтау жүйесінің шығындары үлкен. Егер біз жақын арада қант диабеті проблемасын шешпесек, бұл аурудың профилактикасына инвестиция салмайтынымызды, болашақта бұл шығындардың артатынын айта кеткен жөн. 

Адамның өзіне, өмір салтына, тамақтануға, дене шынықтыруға қатынасы (дұрыс тамақтану жүйесі, қалыпты физикалық белсенділік, салмақты бақылау, жылына кемінде 1 рет қандағы қант деңгейін анықтау) маңызды.

 

Шектеуі бар адамдарды үш мемлекетің шекарасынан өткізумен айналысқан қылмыстық топ ұсталды

Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Түркістан облысы бойынша департаментінің өкілдері үш мемлекеттің шекарасынан заңсыз адам өткізумен айналысып келген қылмыстық топты ұстады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«2022 жылғы 21 қазанда ҚР Ұлттық қауіпсіздік қызметінің Шекара қызметінің Түркістан облысы бойынша департаменті прокуратура органдарымен өзара іс-қимыл жасай отырып, шекарадан өтуге шектеуі бар адамдарды Қазақстан Республикасы, Өзбекстан Республикасы, Ресей Федерациясының мемлекеттік шекарасы арқылы заңсыз көші-қон арнасын ұйымдастырумен айналысқан трансшекаралық қылмыстық топ әрекетінің жолын кесті»,-делінген хабарламада.

Жүргізілген жедел-іздестіру іс-шарасының нәтижесі бойынша қылмыстық топтың белсенді қатысушысы болып табылатын шетел азаматы заңға қайшы қызметі үшін 700 000 (жеті жүз мың) теңге сомасындағы ақшалай қаражатты алу барысында ұсталды.

Шетел азаматына және қылмыстық топтың басқа да мүшелеріне қатысты ҚР ҚК 394-бабы 2-бөлігі (Заңсыз көші-қонды ұйымдастыру) бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Ұсталған адам қамауға алынды.

Жыл сайын 30-дан астам адам газдан уланып көз жұмады

Газды дұрыс пайдаланбаудың кесірінен жыл сайын 30-дан астам адам уланып көз жұмады. Төтенше жағдай министрінің орынбасары Марат Күлдіков Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде осындай дерек келтірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Жылу беру кезеңіндегі күрделі мәселенің бірі – тұрмыстық газды пайдалану. Көбінесе, бір пәтерде газ баллонын дұрыс пайдаланбау және оны сақтау көрші пәтердегі адамдарға қауіп төндіреді. Қолдағы мәліметтерге сүйенсек, жыл сайын ел аумағында табиғи және сұйытылған газбен уланудың салдарынан 30-дан астам адам қайтыс болады. Ал газ баллон жарылған кезде бір топ адамның өліміне әкеліп соғады», -деді Марат Күлдіков.

Айтуынша, азаматтардың ескірген және жарамдылық мерзімі өтіп кеткен баллондарды пайдалануы жағдайды қиындатып отыр.

«Тұтынушылардың көпшілігі, әдетте, баллондарын жақын маңдағы жанармай құю бекеттерінде толтырады. Алайда, заңға сәйкес жанармай құю бекеттерінде тұрмыстық баллондарды толтыруға тыйым салынады, бұл газбен жабдықтау жүйелерінің қауіпсіздік талаптарын бұзу болып табылады», - деді вице-министр.

«Işiklar Holding» басшыларымен Түркістанда жаңа зауыт ашу мәселесі талқыланды

Түркияның «Işiklar Holding» компаниясы Түркістанда ірі өндіріс орнын ашуға ниетті. Бүгін Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды аталған компания басшыларымен онлайн режимде келіссөз жүргізіп, жобаларды талқылады. Келіссөзге «Işiklar Holding» компаниясының бас директоры Волкан Гиришкен, компания жетекшілерінің бірі Хусейн Ока және Қазақстанның Түркиядағы елшісі Еркебұлан Оңалбекұлы да қатысты. Облыс әкімі Түркістанда инвесторларға қолайлы жағдай жасалатынын жеткізді. 

– Түркістан қаласының келешегі жарқын. Ауқымды жоспарлар бар. Арнайы экономикалық аймақта инвестоларға қолайлы жағдай жасаймыз. Одан өндірісті дамыту бағытында көптеген істер атқарылады. Әсіресе түркі мемлекеттерінен келетін кәсіпкерлер өңірімізде жемісті жұмыс істеп жатыр. «Işiklar Holding» компаниясының ұсынысын қолдап, бірлесе жұмыс істеуге, бұдан да бөлек өндіріс орындары бойынша әріптестік орнатуға дайынбыз, – деді Дархан Сатыбалды. 

«Işiklar Holding» компаниясының бас директоры Волкан Гиришкен Түркістандағы браунфилд аумағында құрылыс материалдарына арналған қаптамалар шығаратын зауыт ашуға ниетті екендерін жеткізіп, жобаны таныстырды. Инвестор Түркістандағы жобаға 12 млн. АҚШ доллары көлемінде инвестиция салуды жоспарлап отыр. Жобаның бірінші кезеңінде 5 млн. доллар көлемінде инвестиция салып, 50 адамды жұмыспен қамту көзделген. Келіссөздер сәтті аяқталып, инфрақұрылым мен жер әзірленсе, жоба 2023-2024 жылдары жүзеге аспақ. 

Облыс әкімі Дархан Сатыбалды түркиялық инвесторларды Түркістанға шақырды. Сол кездесуде екі тарап мәселені жан-жақты талқылап, тиісті келісімдерді қарастырады. Сонымен бірге инвестор жобаға қажетті инфрақұрылыммен де танысады. 

«Işıklar Holding» холдингі 1974 жылы химия, агроөнеркәсіп, энергетика және экономиканың басқа да салаларында өз қызметін жүргізетін компаниялар тобы ретінде құрылған. Бүгінде аталған компания әлемнің 50-ден астам еліне өз өнімдерін экспорттап отыр. 

 

Астанада Қасым, Жомарт және Кемел есімді үшем дүниеге келді

Елордада Сәбит пен Маралдың отбасында Қасым, Жомарт және Кемел есімді үшем дүниеге келді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Үшемнің ата-анасы №2 Көпбейінді қалалық аурухананың дәрігерлеріне алғыс білдіруде.

Жас ана жұбайының жанында медбике болып қызмет істейді. Жұбайы – тіс дәрігері. Олар алғаш рет ата-ана атанып отыр, балаларға есімдерін атасы қойған.

Үшемдер әрқайсысы шамамен 1000 гр салмақпен мерзімінен бұрын дүниеге келген. Олар бөлімше меңгерушісі Ирина Цубенко бастаған дәрігерлер назарында жаңа туған нәрестелер патологиясын күту бөлімінде болды.

«Ота жасаған және жалпы №2 КҚА-ның акушерлік блогына үлкен алғысымды білдіремін. Медициналық мекемелерде қолайлы жағдай жасап, заманауи жабдықтармен қамтамасыз еткені үшін және мамандардың жоғары кәсібилігі үшін алғысым шексіз. Сіздердің арқаларыңызда бүлдіршіндеріміз толыққанды өмір сүруге және жарқын болашаққа құқылы!» - деді үшемнің анасы Марал Соппек.

Соңғы жаңалықтар

MMA файтері Арман Оспанов экологиялық сенбілікке қатысты
27.06.2025 20:14 39
Қызметкердің құқығы қорғалды
27.06.2025 19:14 31
Тұрғындарға құқықтық көмек көрсетілді
26.06.2025 20:29 45
Көшелер көрікті бола түседі
26.06.2025 19:15 50
«SENAT OPEN» сайысы өтіп жатыр
25.06.2025 23:01 49
БАҚ қызметкерлері арасында спартакиада өтті
24.06.2025 20:21 48
Сарыағаш ауданының әкімі есеп берді
24.06.2025 20:20 56
Өртке қарсы жұмыстар дұрыс атқарылмағандықтан ескерту берілді
24.06.2025 16:40 54
«Заң мен тәртіп» ашық есік күні өтті
24.06.2025 16:39 45
Азаматтарды қабылдады
24.06.2025 16:37 51
Жаңа гастрономиялық кешен ашылды
23.06.2025 20:18 58
Олжас Бектенов пен ЕҚДБ басшысы инфрақұрылым және "жасыл" жобаларды талқылады
23.06.2025 20:11 52
«VOICE OF TURAN - 2025»: Италиялық әнші бас жүлде алды
23.06.2025 19:38 58
Мекемелер арасында футболдан жарыс өтті
20.06.2025 20:27 55
«Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында бос орындар жәрмеңкесі мен форум өтті
20.06.2025 18:59 59

Жаңалықтар мұрағаты