Түркістанда 512 отбасы баспаналы болды

10
04.06.2026 20:43

Әрбір адамның өміріндегі ең үлкен бақыт өз шаңырағының болуы. Ал сол бақыт Көк туымыз асқақтаған Мемлекеттік рәміздер күнімен тұспа-тұс келсе, қуаныштың екі еселенгені. Бүгін Түркістанда бір күнде 512 отбасы, яғни 3 мыңнан астам қала тұрғыны баспаналалы болды. Мемлекет басшысының тапсырмасымен салынған жаңа пәтерлердің кілтін облыс әкімі Нұралхан Көшеров өз қолымен табыстады. Көз жасы мен қуаныш араласқан қоныс тойға тілшіміз Дана Қазыбек қатысып қайтты. 

Бүгін Нұғмановтар әулеті ТүркШУМ: Дастанның жаңа қала аумағынан үш бөлмелі  жаңа пәтер алды. Сегіз баланы тәрбиелеп, он жылға жуық уақыт баспана кезегінде тұрған көпбалалы ана Салтанат Баракова үшін бұл күн өміріндегі ең бақытты сәт. Пәтер жалдап тұрған жылдардың тауқыметі артта қалып, арманы орындалған батыр ана бүгін жаңа үйінің табалдырығын аттады. Тағы бір қуаныш отбасы жақын күндері  тоғызыншы перзентінің дүниеге келуін күтуде.

 САЛТАНАТ БАРАКОВА – КӨПБАЛАЛЫ АНА

Бүгінгі қуанышымызды сөзбен айтып жеткізе алмаймыз. Енді қанша уақыттан бері кезекте тұрғаннан кейін , қанша уақыт күткеннен кейін бүгін жеткізе алмаймыз енді сөзбен. Басшыларға да осы ұйымдастырып отырған үлкен әкімшілікке, тұрғын үй қызметкерлеріне де үлкен рақмет. Жаңа пәтерде тоғызыншы баламызды қолымызға алып жаңа пәтерде жаңа қоныспен қосып құдай қаласа шілдеханасын бәрін осы жерде өткіземіз деп ойлап отырмыз енді.

АБЗАЛ НҰҒМАНОВ – ТҰРҒЫН

Күніге балаларға баратын жуынып шайынатын условиясы мықты. Мынау ойын алаңдары бар бұл жерде. Жақын жерде мектеп. Құдай қаласа көршілермен жақсылап танысып қоныс тойын атап өтеміз. Бәріңіз келіңіздер қоныс тойға!

Бес баланың анасы Меруерт те қуанышты хабарды естігенде көз жасына ерік бергенін жасырмады. Мектепте ұстаздық ететін ол пәтер кезегін жеті жыл күткен. 

 МЕРУЕРТ ТҰРЫСБЕКОВА – КӨПБАЛАЛЫ АНА

Толқып тұрмын. Қатты қуаныштымын. Қуанышымда шек жоқ. Осы күнді көптен күттік жеті жыл. Көзіме жас келді отырып жыладым. Өзім ұстаз болып істеймін мектепте. Мектепте отырып жыладым, қуандым. Ол да бір қуаныштың көз жасы деп ойлаймын. Бала шағамның несібесі. 

 Айта кетерлігі, баспаналы болған тұрғындар заңнамадағы жаңа өзгерістер бойынша «Отбасы банк» арқылы іріктеуден өткен алғашқы азаматтар. Тұрғындардың шаттығын бөлісуге келген аймақ басшысы Нұралхан Көшеров өңірдегі тұрғын үй құрылысының қарқынды жүріп жатқанын алдағы уақытта да жалғасатынын айтты. Ол жаңа қоныс иелерін аула тазалығын сақтап, «Таза Қазақстан» бағдарламасына үлес қосуға шақырды.

НҰРАЛХАН КӨШЕРОВ – ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ

Былтыр тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарға 3564 пәтер берілсе, осы жылы 2292 пәтер беруді жоспарлап отырмыз. Тек бүгіннің өзінде біз 512 ге жуық пәтерді табыстаймыз деп жоспарлап отырмыз. Осындай үйлер дайын тұр. Мына құрметті қоныс иелері баршаңызға тағы да құтты болсын деп айтқым келеді.

Көптен күткен баспананың кілтін ұстаған тұрғындар бүгін жаңа пәтерлеріне көшіп жатыр. Өткен жылдың өзінде 3 жарым мыңнан астам азамат үйлі болса, бұл игі жұмыстар алдағы уақытта да жалғаса бермек. Осылайша мемлекеттік бағдарламалардың нәтижесінде өңірдегі әлеуметтік санаттағы тұрғындардың баспана мәселесі кезең-кезеңімен шешіліп келеді. Шаңырағы биік, босағасы берік болған әрбір отбасы үшін егемендік пен рәміздер күні осылайша нағыз берекелі мерекеге айналды.