Түркістан телеарнасының жаңаша жобасы «Дебат» интеллектуалды пікірсайыс турнирінің жеңімпаздары анықталды. Жарты жылға созылған ауқымды жоба жастардың шешендік қабілеті мен сыни ойлау деңгейін сынаған ерекше алаңға айналды. Пікірсайысқа дебаттан тәжірибесі жоғары мамандар төрелік етіп, идеясы үздіктерді даралады. Сонымен, телевизиялық жобаның жеңімпазы кім? Әріптесім Жұлдыз Шалқарбек тарқатады.
Қуанышбек Әбдіхалық Түркістан телеарнасы ұйымдастырған «Дебат» телевизиялық жобасының үздік спикері әрі жеңімпазы атанды. Ойы ұшқыр, уәжі мығым жас пікірсайысшы 40 қатысушының арасынан дара шығып, 50 000 теңгені қанжығасына байлады. 3- курс студенті бұған дейін де республикалық және өңірлік деңгейдегі бірқатар турнирлерде топ жарып, пікірсайыс алаңында өзін дәлелдеп үлгерген.
ҚУАНЫШБЕК ӘБДІХАЛЫҚ ЖЕҢІМПАЗ
Желтоқсан айында бастау алған жобаға жоғары және арнаулы оқу орындарынан 20 команда қатысқан. Олар екі түрлі формат бойынша білім мен логиканы, шешендік пен тапқырлықты қатар сарапқа салды. Пікірсайыстың топтық форматында үздік нәтиже көрсеткен «Рух» командасы бірінші орынға ие болса, «Nomad» командасының арулары жүлделі екінші орынды иеленді. Финалдық бәсекені тамашалауға университет ректорлары, облыс әкімінің орынбасары, мәслихат төрағасы және қоғам белсенділері арнайы қатысты.
ЕРТАЙ АЛТАЕВ ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ
Осындағы жігіттер мен қыздардың сөз сөйлеу шеберлігінің қалай шыңдалғанын, өз пікірлері мен ойын қалай еркін жеткізе алатынына куә болдыңыздар. Мен ойлаймын алдағы уақытта осындай ұрпақ тәрбилеп отырған біздің қоғамның дұрыс бағытта қалыптасуы өзінің тиісті септігін тигізеді ойлаймын. Себебі өз пікірін дұрыс жеткізе алған адам, алдағы уақытта да еліміздің дұрыс бағытта дамуына өз үлесін қосады деген ойдамын
Ұйымдастырушылардың айтуынша, жоба жастардың интеллектуалдық әлеуетін арттырумен қатар, жаңа буын көшбасшыларын қалыптастыруға бағытталған. Ал телевизиялық форматтағы пікірсайыс көрермен қауымға да ой салып, қоғамдағы өзекті мәселелерге жаңаша көзқараспен қарауға мүмкіндік берді.
️