Келес өзеніне ағып кеткен баланы іздестіру-құтқару жұмыстары ресми түрде аяқталды. Бір ай бойы үзіліссіз жүргізілген ауқымды шаралар өкінішке қарай нәтижесіз болды. Мамандардың қорытындысы мен қауіпсіздік талаптарына сәйкес, 23-ші сәуірден бастап құтқару бөлімшелері іздеу жұмысын тоқтатты. Енді бұл іс тергеу ретімен құқық қорғау органдарына процессуалдық шешім қабылдау үшін берілмек. Еске сала кетейік, қайғылы жағдай наурыздың жиырма үші күні болған еді. Алты жасар Жаннұр Тұрсынбектің суға ағып кеткені туралы хабар түскен сәттен бастап, құтқарушылар, полиция қызметкерлері мен еріктілер жұмылдырылды. Іздеу барысында өзен арнасы мен жағалау бірнеше рет сүзіліп, арнайы техника мен ұшқышсыз ұшу аппараттары қолданылды. Алайда арнадағы ағыстың күштілігі мен ауа райының қолайсыздығы жұмысты қиындатқан.
️