Алименттен жалтарып шекара асқандар жазаланады

25
04.03.2026 19:11

Шекара асып, жауапкершіліктен қашқан алимент төлеушілерге тұсау салынбақ. Енді ТМД елдері арасында бала ақысын өндіру процесі айтарлықтай жеңілдейді. Мәжіліс мақұлдаған жаңа заң бойынша, Қазақстан сотының шешімі көрші мемлекеттерде ешқандай кедергісіз бірден іске асырылады. Бұрын борышкер басқа елге кетіп қалса, құжаттарды растау айларға, тіпті жылдарға созылатын. Енді бұл олқылық жойылып, сот бұйрығы тікелей күшіне енетін болады.Әділет министрлігінің мәліметінше, соңғы бес жылда шетелге қатысты жүзден астам алименттік дау тіркелген. Жаңа құжат дәл осындай қиындықтарды шешіп, баланың құқығын қорғауға кепілдік береді. Бұл қадам жаңарған Ата заңдағы «әділеттілік» қағидасына толық сай келеді. Мамандар бұл өзгеріс тек қағаз жүзінде қалмай, нақты нәтиже беретініне сенімді. Өйткені сот шешімі болса, ол қай мемлекетте болсын міндетті түрде орындалуы тиіс.