Аудит Қазақстандағы жекеменшік мектептердің қулығын әшкере етті

14
23.01.2026 18:29

Жекеменшік мектептер мен агроөнеркәсіп кешеніндерде бюджет қаржысын заңсыз пайдалану фактілері анықталды. Үкімет жүргізген аудит нәтижесінде жекеменшік мектептерде оқушылар саны қолдан көбейтіліп, ғимарат сыйымдылығы үш есеге дейін асыра көрсетілгені белгілі болды. Сондай-ақ табысты әдейі жасыру арқылы мемлекеттен миллиардтаған теңге алынған. Аталған салаға 2020–2025 жылдары бөлінген қаржы 13,3 млрд теңгеден 248 млрд теңгеге дейін артқан. Ал агроөнеркәсіп кешенінде 2023–2024 жылдары жүргізілген тексеру барысында шамамен 300 млрд теңгеге заңбұзушылық анықталды. Оның 32 млрд теңгесі бюджеттің тікелей шығыны ретінде танылған. Субсидия арқылы малды жалған сату, жеткізілмеген техника мен орындалмаған құрылыс жұмыстары үшін төлем жасау деректері тіркелді. Үкімет анықталған заңсыздықтарға байланысты қаржылық бақылауды күшейтіп, материалдарды құқық қорғау органдарына жолдады.