Түркістандықтарға жер телімі беріледі. Қазірдің өзінде 34 886 азамат кезекте тұр. Алайда 2019 жылдан бері инфрақұрылымы жоқ, бос жатқан жерлерді қолданысқа беруге тыйым салынған. Осы ретте, қала әкімі Рашид Аюпов арнайы аудит жүргізді. Нәтижесінде тиісті инженерлік инфақұрылым тартылған жер телімдері халыққа үлестірілетін болды. Алайда арнайы құрылған комиссия кезекте тұрғандардың есебінен көптеген олқылықтар тапқан. Атап айтқанда, 1600 азаматтың аты-жөні қайталанған, тіпті арасында қайтыс болып кеткендер де бар болып шықты. Сондай-ақ өтініш білдірушілердің ішінде жылжымайтын мүлкі бар азаматтар да анықталған. Енді олар кезектен шығарып тасталады.
Рашид Аюпов – Түркістан қаласының әкімі:
Жер телімдері кезек-кезекпен беріледі. Сондықтан бізге жерді нақтылап алу маңызды болып тұр. Қаржы бөлінген. Қазір жұмыстарымыз өз нәтижесін беріп жатыр. Жалпы заңсыз жер телімдерін алған тұрғындар да бар. Бұрынғыдай заңсыз құрылыс жүргізгендер тоқтатылуы тиіс. Кезекпен заңды жүйе арқылы алу қажет.
️