Елімізде автокөлік жүргізушісі куәлігін алу тәртібі өзгерді. Емтихандағы артық талаптар алынып тасталды. Мәселен, талапкер емтиханды бірінші рет тапсыра алмаса, келесі жұмыс күні қайта тапсыруға болады. Егер екіншісі де сәтсіз болса дайындалуға 10 күн беріледі. Теориялық немесе практикалық емтиханнан үш рет өте алмаса, қайта тапсыру ақылы болады. Бұл өзгеріс сынаққа қосымша дайындалу үшін енгізіліп отыр.
Ақтоты Боранова, ІІМ әкімшілік полиция комитеті басқарма бастығының орынбасары
Сонымен қатар теориялық емтиханды тапсырып, практикалық емтиханнан өте алмасаңыз, теориядан алған нәтижеңіз сақталады. Шетелдік жүргізуші куәлігін Қазақстан куәлігіне ауыстыру үшін алдымен теориялық емтиханды тапсыру қажет. Бұдан бөлек, жол қауіпсіздігіне жауапты уәкілетті орган куәлікті берген елге ресми сұрау жібереді. Ол елдің құзыретті органы куәліктің түпнұсқа екенін растағаннан кейін ғана куәлік ауыстырылады. Бұл - жалған құжаттардан қорғау шаралары.