Қарағанды облысындағы жұмыс сапары барысында Премьер-министр Олжас Бектенов Балқаш қаласының әлеуметтік және көлік инфрақұрылымын жаңғырту жұмыстарының барысымен танысты. Моноқаланың өндірістік әлеуетін арттырумен қатар, жаңа жобаларға жол ашу және тұрғындарға қолайлы жағдай қалыптастыруға басымдық беріліп отыр.
Балқаштың көлік инфрақұрылымындағы ірі жобаның бірі – әуежайды жаңғырту. 1967 жылы салынған нысан қайта жөндеуден өтіп, биыл қайта жұмысын бастады. Жобаға мемлекеттік қордан 946 миллион теңге бөлінген. Ұшу-қону жолағы мен перрон жаңартылып, терминал аумағы 1,8 мыңнан 2,7 мың шаршы метрге дейін кеңейтілді. Әуежайдың өткізу қабілеті сағатына 80 жолаушыға дейін артты.
МЕЙРАМБЕК МЫРЗАХМЕТОВ «БАЛҚАШ ӘУЕЖАЙЫ» ЖШС ДИРЕКТОРЫ
Балқаш әуежайы өз жұмысын 2026 жылдың басында қайта бастады. Қайта құру нәтижесінде әуежай инфрақұрылымы жаңартылды. Ұшу қауіпсіздігі деңгейі артты. Сондай-ақ жолаушыларға қызмет көрсету үшін қолайлы жағдайлар жасалды. Жаңа арнайы техниканың 11 бірлігі сатып алынды. Балқаш әуежайы барлық стандартқа сәйкес келеді.