Үкімет президент жолдауында берілген тапсырмаларды орындау аясында ішкі нарықты қорғау мен отандық өндірушілерді қолдау шараларын күшейтуде. Нарықтағы қазақстандық өнім үлесін арттыру мақсатында арнайы бағдарлама іске қосылды. Бағдарламаға сәйкес, дүкен сөрелеріндегі кеңістіктің кемінде 50%-ы отандық тауарларға берілуі тиіс. Сонымен қатар сапасыз әрі қауіпті өнімдердің елге әкелінуіне шектеу қою жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Жауаптылардың сөзінше, қазір қазақстандық тауар өндірушілердің бірыңғай тізілімі әзірленіп жатыр. Бұл қадам компанияларға мемлекеттік қолдау алуға, сондай-ақ мемлекеттік және квазимемлекеттік сатып алуларға қатысуға мүмкіндік береді.