Қоғамдағы адамгершілік құндылықтарды жаңғыртып, жас ұрпақ тәрбиесін жаңа деңгейге көтеру - уақыт талабы. Осы өзекті мәселе Шымкенттегі Жәнібеков университетінде өткен республикалық семинарда талқыланды. Мамандар бүгінгі жаһандану дәуірінде ұлттық болмысты сақтап қалу үшін отбасы мен білім ошақтарының байланысын күшейту маңызды екенін айтты. Мәселен, Республикалық Аналар алқасының төрағасы Нәзипа Шанаи кез келген тәрбиенің іргетасы отбасында қаланатынын алға тартты. Ал оқу орнының өкілдері студент жастардың бойына рухани құндылықтарды сіңіру бағытындағы тәжірибелерімен бөлісті.