Түркістан
EN

"Мәдениеттер диалогы - 2026" халықаралық симпозиумы Түркістанның мәртебесін биіктетті

4
26.11.2026

Түркістанда «Мәдениеттер диалогы – 2026» атты екінші халықаралық симпозиум басталды. Қазақстан Тәуелсіздігінің 35 жылдығы қарсаңында ұйымдастырылған басқосуға шетелдік мемлекеттердің конституциялық бақылау органдарының өкілдері, халықаралық ұйымдар, дипломатиялық корпус пен ғылыми қауымдастық мүшелері қатысты. Екі күнге жоспарланған жиында құқықтық мәдениетті дамыту, адам құқықтарын қорғау және ортақ құндылықтарды дәріптеу мәселелері талқыланады.

Тарихы терең Түркістан төрінде бұл жолы құқық пен мәдениет тақырыбы сөз болды. Халықаралық симпозиум Конституцияда бекітілген құндылықтардың қоғам өміріндегі маңызын айқындап, мемлекеттер арасындағы кәсіби тәжірибе алмасуға мүмкіндік жасайды. Пленарлық отырыста Ата Заңның қоғамдық келісімді қалыптастырудағы рөлі, заң үстемдігі мен азаматтық жауапкершілік мәселелері қозғалды. Қатысушылардың пікірінше, құқықтық мемлекет қалыптастыру тек заңнаманы жетілдірумен шектелмейді. Ол – әр азаматтың заңды құрметтеп, өз құқығы мен міндетін білуінен басталатын үдеріс. Осы ретте «Заң мен тәртіп», «Адал азамат» және «Таза Қазақстан» қағидаттарын күнделікті өмірде орнықтырудың маңызына назар аударылды.