Елімізде 10 қарашадан бастап мобильді аударымдарды бақылау талаптары жаңарды. Енді кез-келген азаматтың жеке шотына қатарынан үш ай бойы, әр айда кемі 100 түрлі адамнан ақша түсіп, жалпы сомасы 1 миллион 557 мың теңгеден асса, банктер бұл деректі салық органдарына жолдайды. Тексеріске осы шарттардың барлығының бір мезгілде орындалуы негіз болады. Дегенмен туыстар мен достар арасындағы жеке аударымдар мен қарыз қайтару сияқты түсімдерге салық салынбайды. Сондай-ақ, аймақтағы сауда мен қызмет көрсету саласындағы жеке кәсіпкерлер төлемдерді жеке картаға емес, тек кәсіпкерлік шот арқылы қабылдап, міндетті түрде фискалдық чек беруі қажет. Себебі тіркелген кәсіпкерлердің де жеке шоттарына дәл осы бақылау талаптары қолданылады.