Премьер-министр Олжас Бектенов шетелдік инвесторлар кеңесінің отырысын өткізді. Жиында халықаралық бизнестің инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыруға қатысуы, инвестициялық саясатты жетілдіру және кәсіпкерлікке қолайлы жағдай жасау мәселелері қаралды. Үкімет басшысы шетелдік инвесторлармен өзара іс-қимылдың маңыздылығына тоқталып, бұл әріптестік Мемлекет басшысы жүктеген ел инфрақұрылымын ауқымды жаңғырту міндеттерін орындауда маңызды рөл атқаратынын атап өтті. Осы орайда 2027 жылды Жалпыхалықтық ауқымды құрылыс жылы деп жариялау бастамасы да сөз болды. Белгіленген мақсаттарға қол жеткізу үшін 2029 жылдың соңына дейін Ұлттық қордан шамамен 6,5 триллион теңге бөлу көзделген. Сонымен қатар отырыста цифрландыру, жасанды интеллектіні дамыту және жаңа технологияларды Қазақстан экономикасына тиімді енгізу мәселелері талқыланды.