Алматыда толассыз жауған жаңбыр салдарынан қала көшелерін су басты. Жүріс-тұрысы қиындаған тұрғындар жаңбырдан кейінгі жағдайды әлеуметтік желіде жарыса жариялауда. Коммуналдық инфрақұрылым және тұрғын үй инспекциясы басқармасы да бұл жағдайларды растап отыр. Ресми мәлеметке сүйенсек, қалада коммуналдық қызмет күшейтілген жұмыс режиміне көшкен. Қолайсыз ауа райының салдарын болдырмау және оның зардаптарын жою үшін жалпы саны 1 579 адамнан құралған 85 жедел бригада кезекшілікке шыққан. Жұмысқа 415 техника мен 100-ге тарта мотопомпа жұмылдырылып, үш мыңдай құм салынған қап дайындалған. Тәулік бойғы жұмысқа жол саласының 3 мыңнан астам жұмысшысы тартылды. Синоптиктердің болжамынша, нөсер бүгін де жалғасып, тағы 10 мм-ге дейін жауын-шашын түсуі мүмкін. Сондықтан қала тұрғындарына қолайсыз ауа райында жолда абай болып, көлік жылдамдығын азайту ұсынылады. Ал, қатты жел кезінде ағаштардың және жарнама тақтайшалырының маңында жүрмеген жөн.