Бүгін Үкімет отырысында Президенттің Қазақстан халқына Жолдауын жүзеге асырудың жалпыұлттық жоспары бекітілді. Ауқымды құжат 12 негізгі бағыт пен 96 іс-шараны қамтиды. Оның аясында инфрақұрылымды жаңғырту, халықтың табысын көтеру және елдегі дәрі-дәрмек қауіпсіздігін нығайту бойынша нақты қадамдар жасалмақ. Жоспарды толық жүзеге асыруға ұлттық қордан 6,5 триллион теңге бөлінбек. Бұл қаржы өңірлердегі тұрғын үй жүйесін жаңартуға, ауылдарға су мен газ тартуға жұмсалады.
Бұдан былай ұстаздар қағазбастылықтан құтылады. Мұғалімдерді әуреге салып, уақытын алатын цифрлық жүйелердегі артық жұмыстар енді түбегейлі қысқарады. Сондай-ақ ең төменгі жалақы мөлшері артып, кей салаларда жалақы көтеріледі. Мысалы алғашқы медициналық көмек көрсететін учаскелік мамандардың жалақысына тәжірибесі мен жүктемесіне сай үстемеақы қосылатын болады. Сондай-ақ шағын және микробизнесті тексеруге 3 жылдық мораторий енгізу шешімі қабылданып, орта бизнеске ұзақмерзімді арзандатылған несие берілмек.