Денсаулық сақтау саласын жаңғырту, медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігін арттыру. Мемлекет басшысы Жолдауында осы бағыттарға басымдық беріп, үкіметке бірқатар жаңа міндет жүктеді. Атап айтқанда, медицина қызметкерлерінің жалақысын 40 пайызға арттыру, елімізде 8 перинаталдық орталық салу және медициналық инфрақұрылымды дамыту көзделіп отыр. Сондай-ақ медициналық ұйымдардың жұмысын оңтайландырып, цифрлық технологияларды кеңінен енгізу маңызды. Сала мамандарының пікірінше, медициналық қызметтің сапасын арттыру үшін заманауи технологияларды тиімді пайдалану қажет. Әсіресе шалғай ауылдардағы тұрғындардың дәрігер көмегіне қолжетімділігін қамтамасыз ету – өзекті мәселе. Бұл ретте жасанды интеллект мүмкіндіктерін пайдаланып, қашықтағы медициналық ұйымдар мен мамандардың өзара байланысын күшейтуге болады.