Мақтаарал ауданындағы Атакент кентінде тозығы жеткен көпір қайта жөнделіп, ел игілігіне берілді. Республикалық маңызы бар автожолдың бойында орналасқан өткелде асфальт төсеу жұмысы толық аяқталып, көлік өтуге рұқсат етілді. Негізінен, күрделі жөндеуді жыл соңында бітіру жоспарланған еді. Алайда көпшілікке қиындық туғызған мәселені тұрғындар облыс әкімімен болған кездесуде көтеріп, жолды тез арада ашуды өтінген. Мамыр айында басталған инфрақұрылымдық жобаның жалпы құны 358 миллион теңге. Қазір ұзындығы 25 метрден асатын, ені 9 метр болатын өткелдегі негізгі жұмыс бітті. Жаңартылған көпір Атакент пен іргелес ауылдар арасындағы қатынасты жеңілдетіп, апатты жағдайлардың алдын алады.