Түркістан
EN

Түлектер форумы өтті

15
02.11.2026

Түркістанда Қожа Ахмет Ясауи университетінің құрылғанына 35 жыл толуына орай,  «35 жыл: дәстүр, даму, болашақ» тақырыбында түлектердің  үшінші форумы өтті. Университеттің түлектер қауымдастығы ұйымдастырған алқалы жиынның мақсаты, әр жылдары оқу ордасынан қанат қаққан түлектерді бір арнаға тоғыстырып, олардың алтын ұямен байланысын бекемдеп, ұрпақтар сабақтастығын арттыру. Тәуелсіздік алған жылдары бой көтерген тұңғыш халықаралық жоғары оқу орнынан бүгінге дейін 100 мыңға жуық маман түлеп ұшып, әлемнің түкпір-түкпірінде қызмет етуде. Күллі түркі әлемінің жастарын біріктірген білім ордасы Азияның үздік жоғары оқу орындары арасында 184-орынға көтеріліп, Қазақстанның ең үздік 10 университетінің қатарына енді. Форум аясында түрлі тақырыпты қамтыған мазмұнды панельдік сессиялар ұйымдастырылды. Сонымен қатар, университеттің дамуына өлшеусіз үлес қосып, әртүрлі салада биік белесті бағындырған түлектерге «Ахмет Ясауи университетінің Үздік түлегі» номинациясы мен ректордың «Құрмет грамотасы» табысталды. Кеш  соңы гала-концертке ұласып, оған өнерпаздармен қатар, осы оқу орнында өткен жалынды жастық шағын сағынышпен еске алған университет түлектері де өнер көрсетіп, көрерменге ерекше көтеріңкі көңіл-күй мен ұмытылмас әсер сыйлады.