Түркістан
EN

Дәрігерге қол көтерген ер адам қамауға алынды

11
02.11.2026

Ақтауда облыстық балалар ауруханасының қабылдау бөлімінде дәрігерге қол көтерген ер адам қамауға алынды. Оқиға 31 қазанда болған. Аурухана қызметкерлерінің мәліметінше, дәрігер баланы тексеріп, әкесіне ауруханаға жатқызуға медициналық көрсетілім жоқ екенін түсіндірген. Алайда бұл шешімге наразы болған ол үстелді теуіп, дәрігерге тап берген. Жанжалды ақ халаттылар жабылып жүріп әрең тоқтатқан. Қазір дәрігердің жағдайы жақсы, жұмысын жалғастырып жатыр. Ал полиция аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғап, күдіктіні уақытша ұстау изоляторына қамаған. Айта кетейік, биыл наурыздан бастап медицина қызметкерлеріне күш қолданғаны үшін жеке қылмыстық жауапкершілік енгізілген. Сондай-ақ өмірі мен денсаулығына қауіп төндірмейтін күш қолданғаны үшін 1000 айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл қарастырылған. Бұдан бөлек, құқық бұзушылықтың сипатына қарай бас бостандығын шектеу немесе айыру жазасы да көзделген.