Ташкентте өтіп жатқан халықаралық футбол фестиваліне қатысқан бірнеше қазақстандық жас футболшының денсаулығы күрт нашарлап, ауруханаға жатқызылды. Олардың ата-аналары балалардың жаппай сырқаттануына қонақүйдегі тамақ себеп болуы мүмкін деп топшылайды. Ол жерде таңғы ас швед үстелі жүйесімен ұсынылған. Мәзірде жұмыртқа мен шұжық та болыпты. Оны жеген 15 баланың жағдайы бір тәуліктің ішінде нашарлап, емханаға жеткізілген. Дәрігерлер бастапқы тексеру нәтижесінде тағамнан уланған болуы мүмкін деген болжам жасаған. Алайда әзірге оның нақты себебі анықталған жоқ. Таңғы астың құрамы, зертханалық талдау нәтижелері шыққаннан кейін белгілі болмақ. Айта кетейік, екі елдің сыртқы істер министрлігі оқиғаны бақылауға алды. Қазір отандастарымыз арнайы медициналық мекемелерде қажетті көмек алып жатыр.