Отырар ауданында демеушілердің қолдауымен жаңа саябақтар салынды. Аққұмда жастарға арналған демалыс орны ашылса, Көксарайда аға буынды ардақ тұтып, ұлықтайтын Ардагерлер саябағы пайдалануға берілген. Екі нысан да ауылдан шыққан кәсіпкерлердің жеке қаражатына салынған.
Аққұм ауылындағы Жастар саябағының құрылысына 66 миллион теңге жұмсалған. Былтыр қарашада басталған жұмыс биыл қыркүйекте аяқталып, тұрғындардың игілігіне берілді. Жобаға жергілікті азаматтар тартылып, ауыл тұрғындары жұмыспен де қамтылған. Ал саябақтың өзі ауыл әкімшілігінің меншігіне өткізілген.