Енді мұғалімдер мен сынып жетекшілерінің жұмыс жүктемесі азаяды. Бұған дейін олар жиырма бес құжатты толтыруға міндетті болса, енді тек бесеуімен ғана шектеледі. Мемлекет басшысының ел халқына жолдауынан кейін, оқу-ағарту министрлігі бірқатар өзгерісті енгізуді бастады. Мәселен, электронды күнделікке оқушының білімін бағалау үшін 70-тен астам цифрлық сервис қолданылған. Бұл педагогтарға әр баланың дерегін бірнеше рет енгізіп, қосымша жүктеме болатын еді. Енді мұның бәрін ортақ бір базаға біріктіру көзделіп отыр. Сондай-ақ, мектептерге Ұлттық білім беру жасанды интеллект платформасы енгізіледі. Бұдан бөлек, ұстаздарға қысым көрсету, олардың ар-намысы мен қадір-қасиетіне нұқсан келтіру, мұғалімдер мен оқушылар арасындағы жанжалдарға қатысты жағдайлар да жан-жақты зерттеледі.