Сырдария өзені маңынан Орта ғасырға тиесілі 80-нен астам көне қала табылды. Оның 43-інің паспорты жасалды. Осылайша бұл алқап Түркі мәдениетінің жарқын үлгісіне айналып отыр. Соңғы 10 жылда өзен алқабына жүргізілген зерделеу нәтижесі бұл дәлелді бұрынғыдан да айғақтай түскен. Оған су жүйесі маңынан табылған құнды жәдігерлер сеп болған. Мұндай маңызды мағлұматтар Түркі халықтары тарихшыларын бей-жай қалдырмады.
Түркістанда бас қосқан 5 ел тарихшыларының қаузағаны бір. Топырағына талай ғасырдың сыры бүгіліп жатқан Сыр өңірін тарихшылар мен археологтар, нумизматтар соңғы 10 жылда үздіксіз зерттеп зерделеген. Нәтижесінде, бұл аймақтан Ислам өркениетіне тән тарихи жәдігерлерді тапқан. Мәселен, бұған дейін өзен аңғарынан тек алтын күміс теңгелерді қазып алған болса, енді сол теңгелерді соққан сарайлардың орны мәлім болып отыр. Бұл орта ғасырда Сыр өңірінде үлкен өркениет болғанын көрсетеді, дейді тарихшылар.