Сарыағаш ауданында бірнеше әлеуметтік нысан ел игілігіне берілді. Ғимараттардың ашылу салтанатына Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров арнайы қатысып, халықпен жүздесіп қайтты. Бұқараның қажетіне жарайтын жаңа нысандар туралы әріптесім Айдана Дүйсенбаева баяндайды.
Бой көтерген ғимараттардың бірі - Ақжар елді мекенінде орналасқан дәрігерлік амбулатория. қазынаның 216 миллион теңгесіне салынған нысан бір мезетте 25 адамға қызмет көрсетеді. Сондай-ақ, 8 мыңнан астам ауыл тұрғынына алғашқы медициналық көмек береді.
АРМАН АБДУЛЛАЕВ – САРЫАҒАШ АУДАНЫНЫҢ ӘКІМІ
Биыл аудандағы 4 елдімекенде осындай мед.нысан салынуда. Бүгін міне Ақжар ауылындағы дәрігерлік амбулатория ашылып отыр. Сондай-ақ, бізде биыл 3 елдімекенде мәдениет үйінің құрылысы жүрген. Бұған дейін 2-і ашылған. Бүгін Жонарық ауылындағы 200 орындық кітапханасымен бірге мәдениет үйі пайдалануға беріледі.
Иә, аудан әкімі айтқан мәдениет үйі заманауи сахналық және дыбыс жабдықтарымен, әрі қажетті жиһаздармен қамтылған. Ол үшін бюджеттен 550 млн теңгеден аса қаржы бөлініпті. Енді бұл ғимарат ауыл тұрғындарының мәдени демалысын ұйымдастыруға, түрлі іс-шаралар өткізуге және кітапхана қызметтерін пайдалануға жағдай жасайды. Әзірге мұнда 9 мыңға жуық кітап қоры бар,-дейді мамандар.