Түркістан
EN

Жетім балаларға арналған пәтерлерді иемденбек болғандар ұсталды

8
16.10.2026

Астанада жетім балаларға арналған пәтерлерді жалған құжатпен иемденбек болғандар ұсталды. Тергеу мәліметтеріне сәйкес, күдікті бұған дейін «Төленді» тұрғын үй кооперативін басқарып, 1,5 мың үлескердің 10 миллиард теңгесін жымқырғаны үшін 8 жылға сотталған болатын. Ол бостандыққа шыққаннан соң да осы ісін жалғастырған.  Сыбайластарымен бірге мемлекет қамқорлығындағы көпбалалы отбасыларға, мүмкіндігі шектеулі жандарға берілетін дайын баспаналарды тартып алудың жаңа айласын ойлап табады.  Әккілер үй сатып алмаған 80-нен астам адамды тауып, олардың атына жарнасын төлеген деп, жалған құжаттар әзірлеп оны өткен күнмен рәсімдеген. Бұл былықтың артын жасырып қалу үшін,  жалған үлескерлердің атынан полицияға алаяқтық жасалғаны туралы арыз беріледі. Соның негізінде қылмыстық іс қозғалып, олар жәбірленуші деп танылады. Бұрмаланған тергеу амалдары мен сот шешімінен соң, құны 4 миллиард теңгеден асатын 170 пәтерді өз аттарына рәсімдеп, кейін оларды өзге адамдарға сатып, түскен ақшаны өзара бөлісуді көздеген. Айта кетейік, алаяқтар қолдан жасалған құжаттарды өзге азаматтарға сатып үлгерген. Салдарынан қарапайым сатып алушыларға 400 миллион теңгеден астам шығын келді.