Түркістан
EN

Білім мен Хикметтің тоғысындағы Түркістан

9
16.10.2026

Қазақстанның рухани астанасында түркі-ислам өркениетінің түп-тамырын тереңнен зерттейтін маңызды басқосу өтуде. Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық университетте «Мәуереннахрдан Анадолыға дейінгі ислам ғұламалары: Білім мен хикметтің тоғысындағы Түркістан» тақырыбында  халықаралық ғылыми симпозиум басталды. Әлемнің 12 елінен келген сексеннен астам зерттеуші ұлы бабалар мұрасын жаңа қырынан зерделеу үшін бүгін қасиетті шаһарға арнайы жиналды.

Халықаралық симпозиум осымен үшінші рет ұйымдастырылып отыр. Бұған дейін Өзбекстан мен Қырғызстанда болған бұл бастама енді түркі әлемінің алтын бесігі атанған Түркістанда өтуде. Жобаны Анкара Йылдырым Беязыт университеті, Ясауи университеті және Хадис тарихы қауымдастығы бірлесе жүзеге асыруда. Жиынның басты мақсаты көнеден жеткен ұлы бабалардың танымын қайта жаңғыртып, оны қазіргі ғылыммен сабақтастыру.