Түркістан облысындағы Қазығұрт ауданында сел жүріп, жұртты әбірге салды. Толассыз жауған нөсердің салдарынан тау бөктерінен аққан тасқын екі елді мекенге лап қойған. Табиғи апаттан әсіресе Қыдыр Мәмбетұлы және Жіңішке ауылдары көбірек зардап шеккен. Сел 40-тан астам үйдің ауласын шайып кеткен. Қазіргі уақытта жауын тоқтап, ауа райы тұрақталған. Оқиға орнында Қазығұрт ауданы әкімдігінің коммуналдық қызметтері мен төтенше жағдайлар бөлімінің мамандары күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр. Мамандар су басқан аумақтарды арнайы техникалардың көмегімен тазартып, кедергілерді жоюда. Аудан әкімдігі жағдайдың толықтай бақылауда екенін және қауіптің беті қайтқанын хабарлады. Десе де, жауапты мамандар таулы аймақтағы елді мекен тұрғындарын сақтық шараларын қатаң сақтауға шақырады.