Шаһарда өткен Түркі мемлекеттері ұйымының бейресми саммиті аясында Қожа Ахмет Ясауи атындағы университетте бірегей ғылыми-зерттеу институтының алғашқы капсуласы салынды. Бұл жоба Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ясауи мұрасын терең зерттеп, жастар арасында насихаттау жөніндегі тапсырмасының тікелей нәтижесі. Салтанатты шараға Қазақстан мен Түркияның беделді министрлері, зиялы қауым өкілдері мен белгілі ғалымдар қатысты. Жаңа орталық тек Ясауитану емес, бүкіл түркі өркениеті мен сопылық ілімді кешенді түрде зерттейтін халықаралық академиялық алаңға айналмақ. Мұнда сирек қолжазбалар цифрландырылып, тың археографиялық жұмыстар қолға алынбақ.