Елімізде суды жеткізу кезіндегі шығын 40 пайызға дейін жетіп отыр. Бұл, тіршілік нәрін есепке алу мен бақылаудың заманауи технологиялары жоқтығының тікелей салдары. Сенатта өткен Парламенттік тыңдауда палата спикері Мәулен Әшімбаев саланы цифрландырудағы олқылықтарды қатаң сынады. Оның сөзінше, қазіргі таңда еліміздің су шаруашылығында автоматтандырылған есептеуіштер мен қашықтан бақылау датчиктері тапшы. Көптеген каналдар мен қоймаларына су деңгейін анықтайтын цифрлық жүйелер орнатылмағандықтан мамандар шығынның мөлшерін нақтылай алмай отыр. Салдарынан егістікке жіберілетін судың тең жартысына жуығы жол-жөнекей буланып немесе құмға сіңіп кетеді. Бұл түйткілді шешу үшін Мәулен Әшімбаев жекелеген сервистерден бас тартып, бірыңғай цифрлық контурға көшуді ұсынды. Бұл жүйе жасанды интеллектінің көмегімен судың қозғалысын бастан-аяқ қадағалап, алдағы қауіптерді дәл болжауы тиіс.