Әлеуметтік желіде Қызылорда облысында ақбөкендердің топтасып жүргені, тіпті бір шоғырының елді мекендердің ішіне дейін кіріп кеткен бейнежазбасы тарады. Мұны табиғатты қорғау саласының мамандары да растады. Айтуларынша, Ұлытау, Қостанай, Ақтөбе облыстарын мекендейтін киіктер жайылым іздеп Сыр өңіріне жаппай өріс ауыстырған. Әсіресе, Арал, Қазалы, Жалағаш, Қармақшы, Сырдария аудандарына көп шоғырлануда. Желіде сайын дала сұлуларының әлсіреп, күш-қуаты қалмағаны туралы да айтылған. Осы жәйтке бей-жай қара алмаған табиғат жанашырлары жануарларға қолдан азық шашу ісін ұйымдастырған. Айта кетейік, қазір қазақ даласында 4 млнға жуық ақбөкен тіршілік етеді. Оның 1 млн 600 мыңға жуығы Бетпақдала популяциясына тиесілі.