Республикалық маңызы бар шаһардың тарихи төлқұжатына айналған «Шымкент келбеті» мен «Панорама Шымкента» газеттеріне биыл 35 жыл толды. Осыған орай Шымқалада «Тәуелсіздік идеясы және қазақ баспасөзі» атты форум өтті. Қаланың қоғамдық-саяси, мәдени және әлеуметтік-экономикалық өмірін жылнамадай хаттап келе жатқан ұжым мерейтойын әріптестер мен қоғам қайраткерлері бірге атап өтті. Жиында дәстүрлі журналистиканың бүгіні мен болашағы, басылымдарды дамыту бағыттары, мегаполистің басты газеттерінің келесі жылға жоспары талқыланды. Сондай-ақ «Шымкент келбеті» мен «Панорама Шымкента» газеттері алдағы уақытта жаңа ғимаратқа көшетіні белгілі болды.