Созақ ауданында үш бірдей мектепке жаңа әжетхана салынды. Құны 30 миллионнан асатын құрылыс былтыр басталған. Демеушілер есебінен жасалған бастама шәкірттердің де білім ордасының қызметкерлерінің де ойынан шығыпты. Үлкен үйдің құрылысына жететін қаржыға салынған әжетханалардың қандай артықшылығы бар?
Ұлкер биыл 8-сыныпта оқиды. Бұған дейін «қысы жазы сырттағы әжетхананы пайдалануға тура келгендіктен, күннің суығында көп сырқаттанып қалатынмын» - дейді. Ал, қазір оның барлығы артта қалды.
«КазАтомПром» ұлттық компаниясы мен Самұрық қазына траст қайрымдылық қорының қолдауымен жасалған әжетханалар заманауи технологиялармен толық жабдықталған. Құлыншақ Кемелұлы, Шохан Уалиханов пен Мәншүк Мәметова атындағы мектептерге салынған құрылысқа бас аяғы 30 миллионнан аса қаржы жұмсалған. Себебі, әрбір білім ұясына жеке құдық қазылып, техникалық су тәуілік бойы пайдаға асуда.
Аталмыш білім ұялары Жартытөбе ауылдық округіне қарасты елді-мекендерде орналасқан. Сондықтан ауыл әкімі демеушілердің мұндай бастамасына тікелей мұрындық болыпты. Уран өндірумен айналысатын бірегей компания «КазАтомПром» Жартытөбеге бұған дейін балабақша салып берген.
Айта кетейік, бұған дейін елімізде мектеп әжетханасында болған бірнеше қылмыстық іс қоғам талқысына түскен болатын. Сондықтан оқу-ағарту министрлігі әрбір білім ұясында ішкі әжетханалар болу міндетті деп шешкен еді.
️