Мемлекет басшысы «АрселорМиттал Теміртау» шахтасында қаза тапқан жұмысшылардың отбасыларына көңіл айтты. Президент Үкіметке және Қарағанды облысының әкіміне апат себептерін анықтау үшін шұғыл шаралар қабылдауды және қайтыс болған және зардап шеккен азаматтардың отбасыларына тиісті көмек көрсетуді тапсырды. Айта кетсем, Шахтинск қаласында кеніштегі апаттан 5 адам қаза тапты. Тағы төртеуі ауруханаға жатқызылды. Әзірге жағдайлары бір қалыпты. Сондай-ақ 106 қызметкер эвакуацияланған. Полиция бұл факт бойынша қылмыстық іс қозғады. Ал Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек қайтыс болған 5 кеншінің отбасына пәтер берілетінін мәлімдеді. Қазір апатты тергеу жөніндегі комиссия құрылған. «АрселорМиттал Теміртау» Акционерлік қоғамының басшылығы болса, шахтада болған қайғылы оқиғаның себебін былай түсіндіріп отыр.
АРМАН ҚАЛЫҚОВ - «АРСЕЛОРМИТТАЛ ТЕМІРТАУ» АҚ КӨМІР ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ ДИРЕКТОРЫ - Үшінші қараша күні түнгі сағат 03- те Ленин атындағы шахтада газды дренажды ұңғымаларды бұрғылау кезінде метан газы кенеттен тарап кетті. Апат кезінде шахтада жер астында 106 адам болған. Оның 101-і эвакуацияланды. 5 адам қайтыс болды, қазіргі уақытта төрт адам ауруханада жатыр. Біз қаза тапқандардың отбасыларына, кеншілеріміздің әріптестеріне көңіл айтамыз. Олардың отбасыларына барлық қажетті көмек көрсетіледі.
️