Түркістандағы үш ауысымды мектептер мәселесі

436
13.10.2022 05:07

Түркістан облысында мектеп мәселесі өзекті. Облыс орталығының өзінде 300 орындық мектепте 1719 оқушы білім алып жатыр. Ең сорақысы өткен ғасырдың 60-шы жылдары негізі қаланған мектеп 2010 жылы апатты деп танылған екен. Алайда жақын маңайда басқа білім ошағы болмағандықтан балалары сол тозығы жеткен мектепте оқуға мәжбүр. 

Өткен ғасырдың 60-шы жылдары негізі қаланған мына мектепті 2010 жылы апатты деп таныған. Іргесінен 300 орындық жаңа мектеп салынғанымен, апатты деп танылған ғимаратта 550-ге жуық оқушы әлі күнге дейін 2 ауысымда білім алуда.

Бұл Түркістан қаласының «Бірлік» мөлтек ауданында орналасқан білім ошағы. 300 орындық аталмыш мектепте бүгінде 3 ауысымда 1719 оқушы білім алуда. Апатты деп танылған білім ошағы әлі күнге дейін көмірмен жылытылады.

Ал артық жүктемемен жұмыс жасайтын мектеп ұстаздары қосымша факультативтер мен үйірмелерге оқушыларды қатыстырайын десек кабинет жетіспейді дейді.

Жауаптылардың айтуынша, өңірде мектеп мәселесін шешудің жоспары бар. Мәселен, биыл өңірде 59 мектептің құрылыс жұмысына 20,7 млрд теңге қаржы қаралған. Жоспарға сәйкес оның 34-нің құрылысы жыл соңына дейін аяқталуы тиіс.

Сарапшылардың пікірінше орта білім беру жүйесін толықтай 1 ауысымға өткізу үшін Қазақстанға шамамен 3 мыңдай жаңа мектеп қажет. Мұндай ауқымды мәселені мемлекет тек өз күшімен тез арада шеше алмайтын болғандықтан, жаңа мектеп салуға инвесторлар тартылған.   

Қазіргі таңда елімізде 7637 мектепте 3,6 млн бала білім алуда. Ресми деректерге жүгінсек Қазақстан бойынша 280 мыңдай балаға орын жетпейді.  2025 жылға қарай бұл көрсеткіштің саны 1 млн орынға жетуі мүмкін.