Кентауда адамдар жаппай уланған дәмхананың қажетті санитарлық құжаттары болмай шықты

286
12.10.2022 05:02

Кентауда астан уланып қалған тұрғындардың саны 168-ге жетті. Сондай-ақ дәмхана иесінің қажетті санитарлық құжаттары мен аспаздардың медициналық тексеруден өткені туралы анықтамалары жоқ екендігі анықталып отыр. Ал инфекцияның нақты қандай тағамнан шыққаны әзірге белгісіз. Полиция дәмхана иесіне қатысты қылмыстық іс қозғап, сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде. Айта кетсем, 6-9 қазан аралығында Кентау қаласындағы қоғамдық тамақтандыру орындарының бірінен тапсырыспен фаст-фуд тағамдарын алған тұрғындар жаппай уланып қалған еді. 

АЛТЫН ДОСАНОВА - ТО ҚОҒАМДЫҚ ДЕНСАУЛЫҚ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: «Жалпы 145 науқас келіп тіркелді. Оның 98-і ауруханаға жатқызылды. 47 науқас амбулаторлық деңгейде тексерілуге жіберілді. Түркістан қаласына 31 науқас жатқызылды. Кентау қаласына 67 науқас жіберілді. Оның ішінде 5 жүкті әйел мен 33 бала бар. Бәрінің жағдайы бүгінгі таңға орташа ауырлықта. Бүгін жағдайы жақсарған науқастар үйлеріне жіберіледі»  

Айта кетерлігі, тамыз айында дәл осы дәмханадан фаст-фуд тағамдарын жеген 8 адам астан уланып, ауруханаға түскен екен. Қазір барлық тағамнан зертханалық сынамалар алынды дейді мамандар. Жалпы облысымызда санитарлық бақылау депаратаменті тамақтану бөлімінің бақылауында 3000-нан астам нысан бар. Оның 1027-сі қоғамдық тамақтану орындары. Ал мектеп асханаларына жылына екі рет тексеру жүргізіледі екен.

НҰРБЕК НЫШАНОВ - ТО САНИТАРЛЫҚ-ЭПИДЕМИОЛОГИЯЛЫҚ БАҚЫЛАУ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСШЫСЫ - Зардап шегу бойынша ауруханаға түскен аурулардың тізімдері жинақталып, құжаттары рәсімделіп, біз денсаулық сақтау министрлігіне жібердік. Денсаулық сақтау министрлігінің арнайы бұйрығымен жоспардан тыс тексеру жүргізілді. Тексерудің нәтижесі бойынша 230 АЕК көлемінде біз жаңағы обьектіге  жеке кәсіпкерге айыппұл салдық.