Орыстар 1382 жылы Мәскеуден неге қашып еді?

168
29.09.2022 09:12

Көрші елде болып жатқан мобилизация бүгінде әлемнің қызу талқылайтын тақырыбына айналды десек болады. Бұл туралы PhD докторы Бекарыс Нұриман жазды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Бас сауғалап әр елге қашқан халықтың санында есеп жоқ. Осы жағдайды көргенде орыстың әлгі бір көне әдеби шығармасы еріксіз есіме түсті.

Сонымен, шығарма не туралы дейсіз ғой?! Әйгілі Тоқтамыс ханның Мәскеуге жасаған жорығы туралы. Сол заманның тарихын жүрегі «Мәскеу» деп соққан орыс жазушысы баяндапты. Зерттеуші Нұрзила Оразбаеваның жазуынша, шығарма IV Новгород пен І Софийскі жылнамаларының 1448 жылы хатқа түскен шежірелер жинағында бар екен.

Тоқтамыс ханның таққа отырғанына үшінші жыл екен дейді. Мәскеуді шабамын деп қалың қолмен атқа қоныпты. Кейбір тарихи деректе Мәскеу князы жыл сайын Ұлық Ұлысқа (Алтын ордаға) төлеп отырған салығынан сол жолы бас тартып, біраз дөң айбат көрсетіпті. Оған Тоқтамыс хан ашуланып, қатаң түрдегі ескерту хатын жолдайтыны бар. Шығармада сол оқиғалар баяндалған секілді. Ең бастысы, Тоқтамыс ханның Мәскеуге қарай аттанғаны және өте суыт жүргені айтылады. Айтпақшы, оларды татар деп атайды.

Тоқтамыстың суыт жорығынан Суздалдың князы Дмитрий Константинович қатты қорқады. Өзін де шауып, елін қырып кетеді деп уайымдап дереу екі ұлы Василий мен Семенді жұмсайды. Осы тұста Рязан князы Олег болса, Тоқтамыс ханның алдынан шығып, аяғына жығылып, бас ұрады. Рязанның әсем жерлерін аралатып жүріп Мәскеуді қалай, жай жағынан алуға болатынын тәптіштеп түсіндіріп, алдына түсіп жортақтайды. Тіпті, Русьті шауып, табанының астына тастауға сөз береді. Былай қарасаңыз, Тоқтамыс хан әлі жолда, князьдар болса Мәскеуді сатып жіберді, - деп жазды ол.

Дәл сол сәтте Мәскеуге, оның князы Дмитрийге Тоқтамыс ханның хабары жетеді. Дмитрий бастаған басқа да князьдар, ақсүйектер, қолбасшылар, ақылмандар, боярлар және т.б. дереу бас қосып ақылдасады. 

Ә дегеннен пікір екіге жарылады: бірі – Тоқтамысқа қарсы соғысуды, бірі – соғыспай қашуды айтады. Билік өкілдерінің арасында алауыздық күшейеді. Халық сеңдей соғылысады. Дін адамдары мен зиялы қауымы «Бұл біздің жасаған күнәміз үшін Құдайдың жіберген жазасы» деп тәубе қылып, ораза ұстап, құлшылығын орындап, зар еңіреп дұғасын жасайды. Құдайдың рахымы түссе аман қаламыз деп ойлайды. Елшіл, отаншыл азаматтары мен әскері қаланың қақпаларын тас бекітіп, қасық қаны қалғанша соғысуға, Мәскеуді қорғауға бекінеді. Шенеуніктері мен байлары бүкіл жиған-тергенін артынып қашуға қамданады. Қоғам болғасын адамдар да әртүрлі болады емес пе?! Сол сәтте қалада тобыр бас көтеріп, бүлік бастайды. Қашқалы жатқан шенеунік, митрополит, бояр және көпес сынды кісілердің алтын-күмісін тартып алып, өздерін қоя береді. Сол кезде Мәскеу князы Дмитрий Переяславль қаласына қарай жолға шығып, Ростовты жанай өтіп, Костромоға қашып кетіпті. Артынша байлары да қашады. Сосын әлгі тобыр бар емес пе, соларда «ақыры өлеміз, өлгенше қызық көріп қалайық» деген түсінік пайда болған секілді. Әр үйді аралап жүріп, қоймасына сақтаған арақ-шарабын ішіп, өлесі мас болады. Сөйтіп, әп-сәтте Мәскеуде бейберекетсіздік жайлап, лезде бүлік пайда болып, халық әбден әбігерге түседі. Халықты сабырға шақырар, басын қосар тірі жан табылмайды. Былай қарасаң, Тоқтамыс хан келмей жатып-ақ хаос басталады, - деп жазады ғалым.

Осы кезде қалаға Ольгердтің немересі Остей есімді литван князы келеді де, Мәскеуді қорғау үшін халықтың басын біріктіреді. Бекіністі күшейтеді. Әскерді рухтандырады.

Әлқисса, сол сәтте Тоқтамыс ханның бір бөлік әскерін бастап, Мәскеуді шабу үшін білек сыбана кіріскен Рязань князы Олег, Нижний Новгород князы және Суздаль князының екі ұлы Василий мен Семен келеді. Олар Мәскеуге дейін Серпухов қаласынан бастап, біраз облыс пен селоны қырып, өртеп жіберген. Мәскеу қаласының қақпасына жақын келіп, күзетшілерден дауыстап тұрып, Мәскеу князы Дмитрийдің бар-жоғын сұрайды. Олар «жоқ» деп жауап береді. Сосын барлау жасап, қорғанның осал тұсын бақылап, қаланы бір айналып шығады. Әлгі ішіп алған тобыр қорғанның үстіне шығып, Тоқтамыс ханның әскерін мазақтап, былапыт сөз айтып, әбден намысына тиеді. Бір уақытта әскер кері шегініп кетіп қалады. Ертесіне Тоқтамыс хан қалың қолды бастап өзі келеді. Қалаға тақағанда қорғандағы садақшылары оқ ата бастайды. Бір кезде Тоқтамыс ханның әскері қорамсаққа қол салады. Қол салғанда мол алады. Жазушы осы сәтті «қалың бұлттан жауған нөсердей төбемізден оқ жауды» деп суреттейді. Қызығы, күзетшілердің оғы айдалаға қаңғып кетіп жатса, Тоқтамыс хан әскерінің оғы оларды баудай түсіргенін айтады және олардың мергендігіне таң қалысын да жасырмайды. Ұрыс кезінде Москвалық біреудің қарауылдан аңдып тұрып, Ұлық ұлыстың (Алтын орданың) бір князын атып түсіреді. Дереу ұрысты тоқтатып, оның дүние салғанына Тоқтамыс хан қатты қайғырады. Сол сәтте Василий, Семен, Олег және Нижний Новгород князы қақпаға жақын барып, Остеймен сөйлеседі. Оларға қақпаны ашып, Тоқтамысқа берілсе, тарту-таралғымен келіп кешірім сұраса, ханның оларға рахымшылық жасайтын айтып сендіреді. Тіпті «Біз сендердің христиан князьдарыңбыз, бізге сеніңдер, сол үшін біз ант береміз» деп ант су ішеді. Сөйтіп қақпаны аштырып, халқын қырдырып жібереді. Дмитрий князь кейін Тоқтамыс хан кетіп қалған соң боярларын ертіп алып, жермен-жексен болған Мәскеуге қайта оралыпты дейді.

Автор Тоқтамыс хан мен оның әскерін жауыз, қаныпезер ретінде суреттейді. Князьдардың алауыздығы мен сатқындығын да бүкпесіз баяндайды. 

Мәскеу үшін қайғырып, әлемге ізгілік нұрын шашқан еді деп дәріптейді.

Шығарманы оқып отырып, үрейдің адам санасына қалай әсер еткенін байқайсыз. Кейбір жерінде Тоқтамыс ханның еш кінәсі жоқ секілді. Ол келмей жатып, «келе жатыр» деген үрейден көп князь Мәскеуді сатып жіберді. Дмитрий князь болса, халқын қорғамай, Мәскеуді тастап қашты. Ал, тобыр болса, елді тонап, қалаға қара түнек орнатты.

Дмитрий князь бен боярлар Мәскеуді қорғамай неге тастап қашты? Бүгінгі ахуалды көргенде осы сұрақ еріксіз ойыма келді. Сонда тарихтың қайталанғаны ма?!

Мен бұл повесті «Ұлт тағылымы» атты ғылыми-педагогикалық журналдың 1998 жылы шыққан №1 санының 115-122 бетінен оқыдым. Осы тақырыпты зерттеп, көне орыс тілінен қазақшаға аударған п.ғ.к., Абай атындағы Алматы мемлекеттік университетінің доценті Нұрзила Оразбаева деп көрсетіпті.

Орысша «Повесть о нашествии Тохтамыша» деп аталатын бұл шығарманы ресейдің М.Н.Тихомиров, М.А.Салмина, Б.Д.Греков, А.Ю.Якубовский, Я.С.Лурье, Л.А.Дмитрив сынды бірқатар ғалымы зерттеген, - деп жазды ол.