Ішінара мобилизация басталғалы Ресей азаматтарының біразы өзге елдерге көше бастады. Қазақстанға келіп жатқандары да өте көп. Мемлекеттік кірістер комитетінің дерегінше, кіріп-шыққан көлік саны әдеттегіден 20 пайызға көбейген. Дегенмен көрші елден осы күндері нақты қанша азамат елімізге кіргенін ешкім айта алмай отыр. Белгілісі заңға сәйкес олар біздің елде визасыз 30 күн жүре алады. Одан артық қалғысы келсе, миграциялық қызметке тіркелуі тиіс. Сөйтіп, тағы 60 күнге создыруға құқылы. Жалпы елге үдере көшіп келіп жатқандар қоғамға қалай әсер етпек? Келген азаматтардың тұрақтап қалуы қаншалықты мүмкін? Еркелді Тілеуқұл осы сұрақтарға жауап іздеп көрді.
Сергей Богданов Ресейде жеке кәсібі болған. Бірақ, мобилизацияға ілініп, қанды соғыс құрбаны болмау үшін Қазақстанға көшуге мәжбүр болған. Ол Қостанай облындағы шекара бекеттерінің бірі арқылы елге кіріпті. Өзіне әскери комиссариаттан шақыру келмей тұрғанда Ресейден кетуге шешім қабылдаған. Бірақ, елден кеткені үшін отбасына қауіп төнеді ме деп қорқады.
СЕРГЕЙ БОГДАНОВ - РЕСЕЙ АЗАМАТЫ - АУДАРМА: Күннен-күнге Ресейден Қазақстанға келіп жатқандар көп. Ең кемі 10 сағаттан кеден бекеттерінде күтіп жатыр. Баспана табу да қиындап кетті. Әлбетте, қазақстандықтарға қолайсыздық туғызып жатқанымызды түсініп отырмыз. Ол үшін кешірім сұраймын. Қазақстанға негізінен, 20 жастан асқан түрлі мамандық иелері келіп жатыр. Арасында ай-ти мамандар өте көп. Мен мысалға кәсіпкермін. Досыммен бірге келдім. Ол да кәсіпкер. Біз ары қарай не болатынын білмейміз.
Дәл осы Сергей секілді ресейліктер ел экономикасына тигізер пайдасы мен зияны туралы қоғамда қызу пікірталас жүріп жатыр. Пәтер жалға алу құнының күрт өсуі басты тақырыпқа айналды. Осы жайында экономист, сарапшы Сәбит Баймағанбетов түсінік берді.
СӘБИТ БАЙМАҒАНБЕТОВ - ҚОЖА АХМЕТ ЯССАУИ АТЫНДАҒЫ ХҚТУ ЭКОНОМИКА КАФЕДРАСЫ МЕҢГЕРУШІСІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ - Келген адамның барлығы жүріп тұруы керек, тамақ ішуі керек. Экономистердің есептеуінше, 120 мың адам келеді. Бір турист білесіздер, өзімен 10 мың доллар алып келеді. Экономикаға қысқа мерзімде оң әсер береді деп есептеймін.
Сондай-ақ, мобилизациядан қашқандар кімдер деген сұрақ та қоғамды мазалайды. Біреулер, шетелдік компанияларда жұмыс тәжірибесі бар ай-ти мамандар және жеке кәсіпкерлер көптеп келдйді дейді. Олардың ел экономикасына тигізер пайдасы көп деген пікір айтылуда.
СӘБИТ БАЙМАҒАНБЕТОВ ҚОЖА АХМЕТ ЯССАУИ АТЫНДАҒЫ ХҚТУ ЭКОНОМИКА КАФЕДРАСЫ МЕҢГЕРУШІСІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ - Көші-қон заңға сәйкес уақытпен шектелмеген. Олар ұзақ уақыт қаламыз десе, еңбек нарығына әсер болады. Келгендердің көпшілігі – жас мамандар. Олардың тіл проблемасы жоқ. Кейбір кәсіпорын үшін орыс тілін білу жеткілікті болып табылады. Сол кезде Қазақстан нарығы сапалы мамандармен толығады деп ойлаймын.
Барлығына белгілі факт, Ресейден қашып жатқан азаматтар орта тап өкілдері. Яғни, олардың жинаған азын-аулық қаражаттары бар. Ал, соғысқа қарсы болса да, қаша алмайтын немесе, қашқысы келмейтін азаматтар, Ресейде жаппай наразылық акцияларына шығып жатыр. Мәселен, Дағыстанда ер-азаматтарын қорғауға шыққан әйелдер полициямен қақтығысқа дейін барған.
️