Иқанда жаңа кешен ашылды

419
27.09.2022 04:51

Ұлы ойшыл  Ғашық Жүсіп кесенесі мәдени-рухани кешенмен толықты. Жаңа нысан Түркістаннан 24 шақырым жердегі Ескі Иқан ауылынан бой көтерді. Онда «Ғашық жүсіптің» еңбектері мен, Иқан топырағынан шыққан көптеген ғұламалардың еңбектері жинақталыпты. Одан бөлек, кешен зиялы тұлғалардың бюст ескерткіштерімен толыққан.

Жалпы Ескі Иқанда тарихи орындар жетерлік. Солардың бірі Ғашық Жүсіп кесенесі. Ол 11-12 ғасырда өмір сүрген Қожа Ахмет Ясауидың шәкірті әрі туған жиені. Өз заманының кемеңгері атанған. Ғашық деп аталуы да бекер емес. Аллаға деген махаббаты шексіз діндар адам болған соң ұстазы солай атап кеткен көрінеді. Ал, мұндағы кесененің өзі Қожа Ахмет Ясауи, Арыстан баб кесенелерімен қатар салынған екен. Яғни 14-ғасырға тән. Алғашында кішігірім болып бой көтерген ғимарат 2006 жылы қайта жөндеуден өтіпті.Енді аумағы 2 гектар жерді алып жатқан тарихи мекенге кәсіпкерлер жаңа құрылыс нысанын сыйға тартып отыр.

Нысанда екі мұражай залы, әкімшілік және жуыну бөлмелері,демалыс аллеясы бар. Сондай-ақ кешенде саяхатшылар үшін барлық сервистік қызмет түрлері жасалған.Бұдан бөлек ғимаратта Иқан ауылының аңызы мен Түркістанның тарихы толық қамтылыпты. Қойылған еңбектер әлемнің түрлі мемлекеттерінен жинақталған көрінеді. Ең көне қолжазба ғашық жүсіптің 900 жыл бұрын қалдырған туындысы екен.

Кесене маңында жүзім ағаштары отырғызылған.Оның да өз тарихы бар.иқандықтар орта ғасырда жүзім өсірудің шебері болған деседі.Ғашық жүсіптің өзі Қожа ахмет ясауи ескі Иқанға табан тірегенде 12 түрлі жүзіммен қарсы алған екен. Кешеннің ашылу салтанаты да осы үрдіспен бастау алды. Алыс жақын мемлекеттер мен еліміздің зиялы қауым өкілдеріне жүзім ұсынылып, бабалар рухына құран бағышталды. Әрі қарай мұражайдың лентасы қиылып, кешен «Әзірет сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорығының меншігіне табысталды.