Cайрамда күрестен жарыс болды

243
27.09.2022 04:23

Түркістан облысындағы сайрам ауданында Оңтүстік қазақстан қоғамдық саяси газетінің кезекті 59 шы  турнирі өтті. Ақсукенттегі орталық саябақта  ұйымдастырылған додаға  өңіріміздің түкпір түкпірінен 130 ға жуық спортшы қатысты. Талай балуанның бағын жандырған турнир жыл сайын әр ауданда өткізіліп келеді. Мәселен, өткен жылы дәстүрлі турнирді Келес ауданы ұйымдастырып, эстафетаны Сайрам ауданына өткізген еді.

Биылғы кезекті турнирдің жалауы Сайрамда көтерілді. Жарысқа кілең «сен тұр, мен атайын» дейтін сайыпқырандар жиналды. Сайыстың ашылу салтанатына аудан әкімі Ұласбек Сәдібеков, облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Қанат Жолдықараев және «Оңтүстік Қазақстан» газетінің бас редакторы Абай Балажан салтанатты жиында сөз сөйлеп, қазақ күресінің жастарға берері мол екендігін айтты. 

Аталмыш, турнирге жергілікті телеарна мен баспасөз басшылары арнайы қатысып, өз пікірлерін білдірді.  Айтпақшы, биылғы турнирге жауырыны жер иіскемеген ең үздік қазақ күресі балуандары, олардың ішінде Әлем, Азия чемпиондары да қатысып, тартысты доданың деңгейін артырды.

Сонымен, жарыс нәтижелеріне тоқталсақ. 60 келі салмақ дәрежесінде Бәйдібектік балуан Сәулет Мырзаханның мерейі үстем болды. Екінші орынға Отырарлық Қалмұхан Тұрмаханбет ие болды. Қола жүлделерді Төлебилік Рамазан Кузиахметов пен келестік Асылбек Жамбыл өзара бөлісті. Ал, 66 келіде Ордабасы ауданының намысын қорғаған балуан Дауылбай Оспан қарсылас шыдатпады. Күміс - Асылбек Тәжібайға, қола жүлделер - Мұхамеджан Жұман мен Кемелбек Молдашқа бұйырды. Бұл жігіттер де күрес әлеміндегі белестерге енді ғана құлаш ұрған жас буын өкілдері екен.