Атыңнан айналайын Төлеби. Дәл осындай атаумен Түркістан облысындағы Төлеби ауданында аламан айтыс өтті. Бәйгеге облыстың әр ауданынан бір-бір ақыннан қатысты. Жүлде қорыда қомақты. Облыс көлемінде өткен айтыс көпшілікті тәнті етті. Толығырақ әріптесім Өркен Мырзабек тарқатады.
Төлеби ауданының 90 жылдығына арналған аламан айтыс тартысты өтті. Бәйгеге қатысқан 10 ақында бір бірінен қалыс қалған жоқ. Бірі қыз бен жігіт айтысында әзілмен көрерменді күлдірсе, ендігісі өлкенің әсем табиғаты мен тарихын өлеңмен өріп көпшілікті таңдай қақтырды.
Аламанның көркін келтірген айтыскерлердің бірі Жезмарал Байтуова. Ол осы Төлеби ауданының намысын қорғады. Жыр додасында екі бірдей қарсыласпен кезігіп, барлығын да тізе бүктірді.
Шараны ұйымдастырушылардың да мақсаты осы. Туған жердің тамаша табиғатын, тындырған тіліктерін жырға қосып, халыққа жеткізу.
Жүзден жүйрік мыңнан тұлпар ақындардың өнерін аудан жұртшылығы ыстық ықыласпен қабылдады. Сондай-ақ қазылар алқасының шешімімен бас жүлдені Төлебидің тумасы Жезмарал Байтуова қанжығасына майласа, Бірінші орынды Отырар ауданынан келген Ахметрасул иемденді. Ал екінші орынды Сайрамдық Мейірхан Тұрсынбаев, үшінші орынды Төлеби ауданының ақыны Бекарыс Рахматулаев місе тұтты.
Одан бөлек, Төлеби ауданының әкімінің арнайы сыйлығын Түлкібас ауданынан келген Серік Жұмаділге табысталды. Айтысқа қатысып бақтарын сынаған барлық ақын арнайы диплом, бағалы сыйлықтармен марапатталды.
️